Blockchain арқылы қызмет алу енді қарапайым әрі тез
Мемлекеттік қызмет көрсету саласына заманауи технологиялар қарқынды енгізіліп жатыр. Соның айқын дәлелі – «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы мен екінші деңгейлі банктердің бірлесіп енгізген жаңа сервисі. Бұл жүйе заңды тұлғалардың жылжымайтын мүлікті кепілге қою процесін Blockchain технологиясы арқылы бұрынғыдан әлдеқайда жылдам әрі тиімді жүргізуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бұрын заңды тұлғаның мүлікті кепілге қою үшін банкке жүгініп, түрлі құжат жинап, мемлекеттік органмен бетпе-бет кездесуі талап етілетін. Бұл үдеріс кейде үш күнге дейін созылатын. Ал Blockchain технологиясын қолдану нәтижесінде бұл мерзім бір сағатқа дейін қысқарып отыр.
Жүйенің басты артықшылығы – банк пен мемлекеттік корпорация арасында нақты уақыт режимінде мәлімет алмасуға жағдай жасалуы. Қызмет алушы мен қызмет көрсетушінің физикалық түрде кездесуі жойылады. Барлық операция онлайн жүзеге асады, ал құжат айналымы автоматты түрде жүргізіледі.
Биыл жүйе аясында жаңа қызмет түрлері де іске қосылды. Олар қарыз шарты бойынша талап ету құқығын беру, шарт талаптары өзгерген жағдайда ауыртпалықты өзгерту, тұрғын емес үй-жайларды кепілге қою шартын тіркеу.
Бүгінде Blockchain арқылы 360 мыңнан астам өтінім қарастырылған. Бұл – халық пен бизнес тарапынан жаңа сервистің жоғары сұранысқа ие екенін көрсетеді. 2024 жылдың алғашқы жартысында жылжымайтын мүлікке ауыртпалықтарды тіркеу көлемі 87,8 мыңнан 131,7 мыңға дейін өсіп, былтырғы көрсеткіштен 1,5 есе артты.
Жаңа технологияны енгізуде Астана, Алматы, Шымкент қалалары және Ақтөбе, Түркістан, Қарағанды, Алматы облыстары көш бастап тұр. Бұл өңірлерде банк пен мемлекеттік корпорация арасындағы өзара іс-қимыл тұрақты жолға қойылған, сондай-ақ халықтың цифрлық сауаттылығы жоғары.
Жаңа сервис тек заңды тұлғаларға ғана емес, жеке тұлғаларға да бағытталған. Қазіргі кезде азаматтар кепіл түріндегі ауыртпалықтарды тіркеу және тоқтату, әлеуметтік әлсіз топтарға арналған жалға алу шарттарын жасау, жылжымайтын мүлікті сатып алу, сату немесе сыйға беру шарттарын рәсімдеу қызметтерін Blockchain арқылы ала алады.
Мамандардың пікірінше, бұл технология мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы қағазбастылықты азайтып, ашықтық пен жеделдікті арттыруға жол ашады. Сонымен қатар адам факторын барынша азайтып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға септігін тигізеді.
Blockchain – болашақтың емес, бүгінгі күннің технологиясы. Ол мемлекеттік қызметті цифрландыруға ғана емес, оның сапасы мен жылдамдығын арттыруға, халықтың уақыты мен күшін үнемдеуге бағытталған нақты шешім болып отыр. Мұндай бастамалар елдегі цифрлық трансформацияны жаңа деңгейге көтереді.