Өскемендіктер ХҚО-ларда қандай қызметтерді жиі алады?
Жыл басынан бері Өскемендегі Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы 150 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Сондай-ақ қаланың ХҚО-лары арқылы көрсетілетін ең танымал 3 мемлекеттік қызмет түрі аталды. Бірінші орында – электронды-цифрлық қолтаңба алу (42 036), екінші орында – жылжымайтын мүлікті тіркеу (14 399), үшінші орында – жер учаскесіне сәйкестендіру құжатын алу (13 465).
«Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы ШҚО бойынша филиалы директорының орынбасары Азамат Рахимжановтың айтуынша, жыл басынан бері №1 ХҚО арқылы 25 620 қызмет көрсетілді, №2 ХҚО 47 177, №3 ХҚО 56 323 қызмет көрсетті.
Қазіргі уақытта 1327 мемлекеттік қызмет бар, мемлекеттік корпорация арқылы 1249 қызмет қолжетімді. Мемлекеттік қызметтердің 94%-ын электронды үкімет порталы арқылы онлайн режимінде де алуға болады.
Естеріңізге сала кетейік, тоқсанның соңына дейін кезекші кесте бойынша Қазақстан көшесі, 99/1 мекенжайында орналасқан №2 ХҚО жұмыс істейді. Ол жұмыс күндері сағат 9:00-ден 20:00-ге дейін, түскі үзіліссіз, сенбі күндері 9:00-ден 13:00-ге дейін жұмыс істейді.
Қалған ХҚО-лар әдеттегі кесте бойынша жұмыс күндері сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді, сенбі, жексенбі – демалыс.