Қай банктерде мүлікті кепілден шығаруға болады?
Мүлікті кепілден алып тастаудың автоматтандырылған процесі әзірге барлық банктерде қосылған жоқ, деп хабарлайды Altainews.kz сайты Informburo.kz порталына сілтеме жасап.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Blockchain технологиясын қолдана отырып, мүлікті кепілден алып тастаудың автоматтандырылған процесін енгізді.
Рәсім онлайн режимінде жүзеге асырылады және екі сағаттан аспайды. Бұған дейін бұл қызмет халыққа қызмет көрсету орталықтарында тек офлайн режимінде ғана көрсетілетін.
Клиент алдымен банктен анықтамалар алып, кейін халыққа қызмет көрсету орталығында қызмет үш жұмыс күнін алатын еді.
«Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясының ақпараты бойынша, мүлікті кепілден алып тастау тек төрт банкте онлайн режимінде жүзеге асырылады: «Отбасы Банкі» АҚ, «Банк ЦентрКредит» АҚ, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ және «Bank Freedom Finance Kazakhstan» АҚ. Тағы екінші деңгейлі 4 банкпен сынақ жұмыстары жүргізілуде.