Олимпиадаға жол: қазақстандық шорт-трекшілер шешуші маусымға кірісті
Қазақстанның шорт-трек құрамасы 2026 жылғы Олимпиада ойындарына апарар маңызды маусымның келесі кезеңіне кірісті. Қазір ұлттық команда Астанада оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Бұл – Петр Гамидов баптайтын спортшылардың биылғы үшінші жиыны, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Ұлттық олимпиадалық комитетке сілтеме жасап.
Олимпиадалық дайындық сәуір айында басталған. Алдымен Түркияда веложаттығу, кейін таулы аймақта дайындық, содан соң мұзға шығу кезеңдері өтті. Сәуір мен тамыз аралығында құраманың екі ірі жиыны ұйымдастырылды. Бұған дейін спортшылар Әлем кубогы, Азия ойындары және әлем чемпионатында бақ сынап, аз ғана үзіліс алған. Маусымдағы ең үлкен жетістік – Денис Никишаның әлем чемпионатындағы күміс жүлдесі мен Азия ойындарындағы тарихи алтын.
Бас бапкер Петр Гамидов дайындықтың жоспарлы жүріп жатқанын айтады:
«Қазір Астанада үшінші жиынымыз өтіп жатыр. Әлем кубогының іріктеу кезеңдеріне дейін осында жаттығуды жалғастырамыз. Қыркүйектің 10-15 аралығында ішкі іріктеу өткіземіз. Сол нәтижеге қарай Олимпиадаға баратын спортшыларды анықтаймыз», – деді ол.
Құраманың негізгі ойыншылары қатарда, елеулі өзгерістер жоқ. Олимпиадаға автоматты түрде жолдама алған жалғыз спортшы – Денис Никиша. Бұл шешім оның 2025 жылғы әлем чемпионатында күміс жүлде алуынан кейін қабылданған.
Биыл қазан және қараша айларында өтетін алғашқы төрт Әлем кубогы кезеңі шешуші болмақ. Дәл сол жарыстарда әр қашықтық бойынша лицензиялар сарапқа салынып, рейтингке ұпай жиналады. Эстафетада да жақсы нәтиже көрсетсе, қосымша жолдамаға қол жеткізуге мүмкіндік бар.
Олимпиадаға тікелей дайындық 2026 жылдың қаңтарында басталады. Ал әзірге басты мақсат – лицензиялық кезеңдерде жоғары нәтиже көрсету.


