Ана мен бала денсаулығын сақтау: медициналық қызметтің сапасы артып келеді
stock.adobe.com
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі елімізде ана мен бала денсаулығын қорғау бағытында қабылданған шаралардың алғашқы нәтижелерін жариялады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Елімізде әйелдер консультацияларының жұмысы қалпына келтіріліп, «Аналар саулығы» бағдарламасы іске қосылды. Бағдарлама аясында 5,1 млрд теңге бөлініп, жүктілікке дейінгі зерттеп-қараулардың 12 түрі енгізілді. Шалғай өңірлерден келген жоғары қауіп тобындағы жүкті әйелдерге арналған «Салауатты Ана» пансионаттары ашылды. Сонымен қатар құрылған 22 Ұрықты сақтау орталығы мен бір күндік 18 клиника пренаталдық скринингтің қолжетімділігін арттырды. Соның нәтижесінде туа біткен кемістіктерді анықтау 13%-ға өсіп, ауыр ақауы бар 978 баланың дүниеге келуіне жол берілмеді. Бұл нәрестелер өлімін 15%-ға, бастапқы мүгедектікті 7,5%-ға төмендетуге мүмкіндік берді.
Жүкті әйелдердің жағдайын бақылау үшін өңірлерде 20 ситуациялық және оқу-тренингтік орталық ұйымдастырылды. 2025 жылы алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында педиатриялық бөлімшелер ашылып, 3 жасқа дейінгі балаларға арналған 100 даму және ерте араласу орталығы іске қосылды. Осы шаралар үйде сәбилер өлімін 22%-ға азайтуға ықпал етті. 2024 жылдан бастап «Феталдық медицина» инновациялық технологиясы енгізіліп, балаларға жыл сайын 2000-ға жуық ашық жүрекке операция жасалуда. Сондай-ақ педиатрия саласында 19 инновациялық технология қолданылып, балаларды шетелге емдеуге жіберу көрсеткіші 2 есеге қысқарды.
2024 жылғы 1 маусымнан бастап босандыру және бала күтімі қызметтерінің тарифтері ұлғайтылды. Қосымша 20 млрд теңге медициналық ұйымдардың шығындарын жабуға, қымбат дәрі-дәрмектерге қол жеткізуді қамтамасыз етуге және білікті мамандарды ұстап қалуға бағытталды.
Министрлік мәліметінше, аталған шаралар ана мен бала денсаулығын жақсартуға, нәрестелердің өмір сапасын арттыруға және медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.