KZ
Өскемен
-5°
плотный туман жел 3 м/с, С
505.53 593.44 6.34

Мектеп бағдарламасына жасанды интеллект негіздері енгізілді

stock.adobe.com

3.09.2025, 16:00 273 Төлеуғазы Жансая

Елімізде жаңа оқу жылынан бастап 1-сыныптан 11-сыныпқа дейінгі барлық оқушыларға жасанды интеллект негіздері үйретіле бастайды. Басты мақсат – балаларды ЖИ-ді сауатты қолдануға және оны басқаруға үйрету. Сабақтар жас ерекшеліктеріне қарай бейімделіп, интерактивті модульдер арқылы өтеді. Арнайы «Day of AI» онлайн курсы да барлық оқушыға қолжетімді болады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

10–11 сынып оқушылары үшін ерте кәсіби бағдар беру қолға алынады. Бұл бағдарлама мектепті аяқтамай жатып бастапқы кәсіби дағдыларды меңгеруге мүмкіндік береді. Ал «Келешек мектептерінде» 7-сыныптан бастап оқушыларға кәсіби бағыт таңдау ұсынылады. Осы мақсатта «Маман» платформасы әзірленіп жатыр. Ол әр баланың қабілеті мен қызығушылығын ескеріп, жеке ұсыныстар береді.

Білім беру ұйымдарының барлығына меншік түріне қарамастан «Адал азамат» тәрбие бағдарламасы енгізілуде. Ол Президент тапсырмасына сәйкес ұлттық құндылықтар мен Абай философиясына сүйене отырып жаңартылған. Сонымен бірге мектептер мен колледждерде бірыңғай визуалды орта қалыптастыру үшін арнайы дизайн-код жасалуда.

Оқушыларды қорғау мен қолдау бағытында да жаңа бастамалар бар. Буллингке қарсы «ДосболLIKE» бағдарламасы іске қосылмақ. Ал мектептегі ыстық тамақ «Әлеуметтік әмиян» негізінде ваучерлік жүйемен төленеді.

2025 жылдың соңына дейін балалардың мүддесін алдыңғы орынға қоятын «Қазақстан балалары» бірыңғай бағдарламасы қабылданады.

Бұған дейін Президент цифрландыру саласындағы Қытайдың жетістіктері бүкіл әлемге белгілі екенін атап өтіп, осы бағытта тығыз байланыста жұмыс істеуге ниет білдірген болатын.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу