Әскерге барудан жалтарғандарға қандай жаза қолданылады?
altainews.kz
Қазақстанда күзгі әскерге шақыру басталды. Биыл 22 мың жігіт әскер қатарына алынады. Олар әскери қызметте жүрген кезде 8 миллиард теңгеден аса несие төлеуден уақытша босатылады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
Қазір ел бойынша 195 әскерге шақыру комиссиясы жұмыс істеп жатыр. Бұрын шақыру қағазын пошта арқылы алып жүрсек, енді оны SMS немесе eGov порталы арқылы алуға болады. Хабарлама келген соң 3 күн ішінде әскери комиссариатқа бару керек. Егер телефоныңызда нөмір тіркелмесе немесе eGov-қа кірмесеңіз, шақыру қағазын пошташы жеткізеді. Айтпақшы, қағазды алудан бас тартсаңыз да, «хабарланды» деп есептелесіз.
– Бұрын SMS-хабарламаның заңдық күші болмаған, ал қазір Президент қол қойған заңға сәйкес ол ресми құжат саналады. Әскерге шақырту келген соң, азамат міндетті түрде баруы керек, – дейді ҚР Қарулы күштері бас штабының департамент бастығының орынбасары Фархат Айдарбаев.
Әскерге барудан тек кейбіреулер ғана босатылады:
- ғылыми дәрежесі барлар;
- діни бірлестіктердің ресми қызметкерлері.
Ал мұғалімдер мен ауылдағы дәрігерлерге шақыруды кейінге қалдыру құқығы беріледі.
Егер шақыруды елемей, әскери комиссариатқа бармасаңыз:
- 5 АЕК көлемінде айыппұл салынады (әкімшілік жауапкершілік);
- Медкомиссиядан қашсаңыз немесе басқа заң бұзсаңыз, ескерту немесе 3 АЕК айыппұл;
- Ал мүлде бармай, әскерден жалтарсаңыз, қылмыстық жауапкершілікке тартыласыз: 1000 АЕК айыппұл немесе 1 жылға дейін бас бостандығыңыздан айырылуыңыз мүмкін.