Берлинде 13 мың адам жарықсыз отыр
depositphotos.com
Берлиннің оңтүстік-шығыс бөлігінде мыңдаған адам үшінші күн қатарынан жарықсыз отыр. Бұл соңғы 25 жылдағы ең ұзаққа созылған электр қуатының өшуі, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Kazinform.kz порталына сілтеме жасап.
9 қыркүйекте Йоханнисталь және Кёнигсхайдевег аудандарындағы жоғары вольтты желілерде өрт шыққаннан кейін 40 мыңнан астам үй шаруашылығы мен 3000 кәсіпорын электр қуатынан ажыратылды. Қоғамдық көлік тоқтап қалды, бағдаршамдар жұмыс істемеді, кейбір аудандарда ұялы байланыс мәселелері туындады.
Сәрсенбі кешке уақытша орнатылған қосалқы желі істен шықты. Салдарынан шамамен 20 мың тұтынушы қайтадан уақытша жарықсыз қалды. Қазіргі уақытта олардың саны 13 700-ге дейін қысқарды. Электр қуаты 11 қыркүйекте қайта қосылады деп жоспарланып отыр.
Die Welt газетінің жазуынша, Берлиндегі электр желілерін өртегенін анархистік топ өз мойнына алды. «Indymedia» атты солшыл радикалды сайтта жарияланған мәлімдемеде шабуыл Адлерсхофтағы технологиялық компаниялар мен ғылыми-зерттеу институттарына қарсы бағытталғаны айтылған.