Қазақстанда тұрғын үйді онлайн сатып алу-сату пилоттық режимде іске қосылды
depositphotos.com
Қазақстанда «Цифрлық ипотека» ұлттық жобасы аясында тұрғын үйді сатып алу және сату бойынша нотариаттық мәмілелерді онлайн ресімдеудің пилоттық тетігі іске қосылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Енді азаматтарға банкке немесе нотариусқа барудың қажеті жоқ – барлық кезеңдерді қашықтан, электронды форматта өтуге болады.
Ипотека арқылы баспана алғандар үшін жаңа сервис өтінім беруден бастап тіркеу құжаттарын алуға дейінгі процесті толықтай онлайн жүргізуге мүмкіндік береді. Барлық қатысушылар – банк, нотариус және тіркеуші органдар – бірыңғай цифрлық платформада өзара әрекеттеседі.
Мәміле тараптары жүйеге ЭЦҚ арқылы кіріп, әрекеттерін растайды. Жүйе автоматты түрде:
-
азаматтардың жеке басын;
-
меншік құқығының болуын;
-
шектеулер мен бұғаттаулардың жоқтығын тексереді.
Нотариус мәмілені бейнебайланыс арқылы куәландырады, ал шарттың электронды нұсқасы бірден «Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрына» жіберіледі.
Қауіпсіздік кепілдігі:
-
Барлық қадам ЭЦҚ-мен расталады.
-
Жүйе мемлекеттік дерекқорлармен біріктірілген.
-
Әрбір әрекет электронды журналда тіркеледі.
-
Құжаттар қорғалған цифрлық мұрағатта сақталады.
Азаматтарға артықшылықтары:
-
Кезек пен қағазбастылық жоқ.
-
Процесс жылдам әрі айқын.
-
Барлық құжаттар онлайн қолжетімді және заңды күшке ие.
Жоба кезең-кезеңімен екінші деңгейлі банктердің платформаларында енгізіліп, халық арасында кеңінен қолданыс табатын болады.