KZ
Өскемен
-6°
переменная облачность жел 2 м/с, В
509.94 593.88 6.43

«ЦОН» қосымшасында автокөлікті онлайн сатып алу-сату сервисі іске қосылды

2.09.2025, 19:30 243 Ержан Әбіш

2025 жылдың 2 қыркүйегінен бастап мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру және цифрландыруды дамыту мақсатында «ЦОН» мобильді қосымшасында жаңа сервис қолданысқа енгізілді. Енді автокөлікті сатып алу немесе сату кезінде сатып алу-сату шартын онлайн рәсімдеуге болады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Бұған дейін азаматтар шартқа қол қою үшін мамандандырылған ХҚКО-ға барып, QR-код арқылы рәсімдейтін. Енді бұл үдеріс толығымен «ЦОН» мобильді қосымшасының «Автокөлікті сатып алу-сату шарты» сервисі арқылы жүргізіледі. Шартқа сатушы да, сатып алушы да электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) көмегімен қол қояды.

Осылайша, құжатты ХҚКО-ға бармай тұрып алдын ала рәсімдеуге мүмкіндік бар. Құжатқа қол қойылғаннан кейін оны тек тіркеу рәсімін аяқтау үшін ұсыну жеткілікті. Бұл уақытты үнемдеп, азаматтарға қызмет алуды жеңілдетеді.

Жасалған шарттың деректері сервистің базасында тұрақты түрде сақталады. Бұл ашықтықты қамтамасыз етеді және қажет болған жағдайда мәмілені қайта тексеруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ құжаттың заңды күші сақталып, жеке деректердің құпиялығы қорғалады. Мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграцияның арқасында барлық мәлімет автоматты түрде тексеріліп, қателіктердің алдын алады.

Бір шартты рәсімдеудің құны – 1 500 теңге. Сервисті пайдалану үшін азаматтар «ЦОН» мобильді қосымшасын App Store немесе Google Play арқылы жүктеп алып, ЖСН мен телефон нөмірі арқылы авторизациядан өтуге тиіс.

Жаңа сервис келісімді рәсімдеудің қосымша мүмкіндігін ұсынып отыр. Азаматтар мемлекеттік қызметті өзіне ыңғайлы кез келген тәсілмен ала алады.

«Автокөлікті сатып алу-сату шарты» сервисінің іске қосылуы – мемлекеттік қызметтерді цифрландырудағы маңызды қадамдардың бірі. Бұл қазақстандықтарға қызметті ыңғайлы, қауіпсіз және ашық форматта пайдалануға жол ашады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу