KZ
Өскемен
-26°
плотный туман жел 1 м/с, С
514.31 603.03 6.4

Жыл басынан бері жарты миллионнан астам адам жұмыспен қамтылды

stock.adobe.com

15.09.2025, 13:00 179 Төлеуғазы Жансая

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректері бойынша, 2025 жылғы 1 қыркүйектегі жағдайға сәйкес 529,6 мың қазақстандық жұмысқа орналасты. Оның ішінде 237,3 мыңы жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Азаматтар субсидияланатын жұмыс орындарына, әлеуметтік жұмыс орындарына, жастар практикасына, қоғамдық жұмыстарға, сондай-ақ «Күміс жас», «Алғашқы жұмыс орны» және «Ұрпақтар келісімшарты» жобаларына жолданды. Бұдан бөлек, еңбек нарығындағы сұранысқа ие дағдыларға онлайн оқыту бағдарламаларына 51 мыңнан астам жұмыссыз қамтылып, көпшілігі оқуын аяқтады. «Бастау Бизнес» жобасы арқылы ондаған мың адам кәсіпкерліктің негіздерін меңгеріп, сертификат алды. Жұмыс берушілердің өтінішімен кәсіби оқытуға қатысқан азаматтардың бір бөлігі оқуын тәмамдаған соң тұрақты жұмысқа орналасқан.

Сонымен қатар, кәсіби бағдар беру орталықтарында 260 мыңнан астам адам кеңес алып, болашақ қызмет саласын таңдауға мүмкіндік алды. Министрлік нақты жұмысқа орналасуды міндетті зейнетақы жарналарының төленуімен растайтынын атап өтті.

2025 жылы әлеуметтік осал топтағы азаматтарға жаңа бизнес-бастамаларды жүзеге асыру үшін 400 АЕК-ке дейінгі грант бөлу қарастырылған. Жыл басынан бері республика бойынша 4,2 мыңнан астам грант берілді.

Министрліктің мәліметінше, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары еңбек нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге, халықтың табысын арттыруға және кәсіпкерлік белсенділікті қолдауға бағытталған.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу