KZ
Өскемен
-13°
небольшой снег жел 2 м/с, ОБ
513.55 602.09 6.42

Алдағы күндері Алматыға жолыңыз түссе, мерекелік іс-шараларды өткізіп алмаңыз

pexels.com

17.09.2025, 12:00 235 Әбішев Ержан

Алдағы күндері Алматы қаласына жолы түспек болған жандарды ерекше мерекелік көңіл күй күтуде. Қыркүйектің үшінші жексенбісі – Алматының туған күні. Осыған орай 18-21 қыркүйек аралығында мегаполистің барлық сегіз ауданында 200-ден астам мәдени-ойын-сауық шаралары ұйымдастырылады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мереке аясында қала көшелерінде оркестрлер мен театр артистері, танымал әншілер өнер көрсетеді. Олар аялдамаларда, аулаларда, тіпті метро вагондарында тосынсыйлар дайындап, қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл күй сыйламақ.

18 қыркүйек күні кешке Республика сарайы алдындағы Абай алаңында классикалық музыка кеші өтеді. Ашық аспан астындағы сахнада әлемдік және қазақ классикасының жауһарлары шырқалады. 19 қыркүйете сол жерде дәстүрлі өнер кеші ұйымдастырылады. Рамазан Стамғазиев, Сәуле Жанпейісова сынды халық артистері сахнаға шығады. 20 қыркүйекте Көк-Төбе саябағында халықаралық классикалық музыка фестивалі өтеді.
Жастар мен отбасыларға арналған мерекелік бағдарламалар да көп. Мәселен, 20-21 қыркүйекте Алматы Арбатында дәстүрлі KitapFest кітап фестивалі өтеді. Мұнда ондаған баспаның жаңа кітаптарымен танысып, авторлармен жүздесуге болады.

21 қыркүйек күні Тұңғыш Президент саябағында «Alma Fest – 2025» алма фестивалі ұйымдастырылады. Қонақтар үшін алма жәрмеңкесі, этноаймақ, қолөнер және гастрономиялық алаңдар, балмұздақ фестивалі мен ашық аспан астындағы кинотеатр ұсынылады. Ал, Панфилов көшесінде Digital Fest Almaty цифрлық технологиялар фестивалі өтеді. Жаңа гаджеттер мен жасанды интеллект мүмкіндіктері көпшілік назарына ұсынылады.
Алматылықтар мен қала қонақтары үшін бұл күндер нағыз өнер мен шабыт мерекесіне айналмақ. Егер алдағы күндері Алматыға жолыңыз түссе, қала күніне арналған осынау қызықты әрі әсерлі шараларды жіберіп алмаңыз.
Барлық концерттер мен көрмелерге кіру – тегін.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу