KZ
Өскемен
-13°
небольшой снег жел 2 м/с, ОБ
513.55 602.09 6.42

Қызылордада алаяқтық ісі бойынша үкім шықты

19.09.2025, 12:30 167 Төлеуғазы Жансая

Қызылорда қаласының №2 сотында ірі көлемдегі алаяқтық дерегі бойынша А. және Б. есімді сотталушыларға қатысты қылмыстық іс қаралды. Олар ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігі 1-тармағы және 4-бөлігі 2-тармағы бойынша айыпталған.

Соттың анықтауынша, сотталушылар әлеуметтік төлемдерді заңсыз ұлғайту мақсатында қылмыстық жоспар құрған. Олар жүктілік пен бала күтімі бойынша мемлекеттік төлем алушыларға бірнеше жұмыс орнында қызмет атқарғандай етіп жалған құжаттар дайындап, төлемдердің мөлшерін негізсіз көбейткен. Соның салдарынан мемлекетке А.-ның әрекетінен 15 миллион теңгеден астам, ал Б.-ның әрекетінен 7 миллион теңгеден астам шығын келген.

Сот барысында сотталушылар кінәларын толық мойындап, жасаған істеріне өкініш білдірді және келтірілген залалды өтегенін жеткізді. Сонымен қатар, А. өзінің жүкті екенін айтты. Жәбірленуші тарап шығынның толық өтелгенін растап, сотталушыларға ешқандай талабын қалдырмады.

Істі қараған сот А.-ға 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Дегенмен, Қылмыстық кодекстің 74-бабы 1-бөлігіне сәйкес, жазаны өтеу мерзімі оның балалары 14 жасқа толғанға дейін кейінге қалдырылды. Ал Б.-ға 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы берілді.

Кейін Рақымшылық туралы Заңның қолданысқа енуіне байланысты Қызылорда облыстық соты үкімге өзгеріс енгізді. Нәтижесінде А.-ның жазасы 3 жыл 4 айға қысқартылып, ол да балалары 14 жасқа толғанға дейін кейінге қалдырылды. Б.-ға қатысты жаза да жеңілдетіліп, ол 2 жыл 4 ай бас бостандығын шектеу түрінде белгіленді.

Дереккөз: Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу