KZ
Өскемен
-19°
туман жел 1 м/с, С
510.18 601.91 6.51

Қытайда алғаш рет гуманоид робот докторантураға қабылданды

Фото: University of Shanghai for Science and Technology

22.09.2025, 17:00 170 Төлеуғазы Жансая

Қытайда алғаш рет адам бейнесіндегі робот ресми түрде докторантураға қабылданды. "Сюэба 01" деп аталатын гуманоид робот Шанхай театр институтының (ШТИ) докторантурасына студент ретінде қабылданды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Синьхуа агенттігіне сілтеме жасап.

Биіктігі 1 метр 75 сантиметр, салмағы 32 келі болатын робот көк жейде киіп, дәстүрлі студент бейнесінде таныстырылды. Алдағы төрт жылда ол "Цифрлық қойылымдар дизайны" мамандығы бойынша білім алады.

Бұл жоба – Шанхай театр институты мен Шанхай политехникалық университетінің (ШПУ) бірлескен жұмысы. Оның мақсаты – жаңа буын гуманоид агенттерін оқыту әдістерін жетілдіру, мультимодальды қарым-қатынас, өнер арқылы өзін-өзі таныту және когнитивтік даму бағыттарын дамыту.

Оқыту барысында "Сюэба 01" дәстүрлі Қытай операсының қимылдарын, жаттығуларын және орындау техникасын меңгермек. ШПУ инженерлік және техникалық дайындыққа жауап берсе, ШТИ командасы роботтың шығармашылық қырын дамытуға күш салатын болады.

Жоба жетекшілерінің бірі, ШПУ Машина интеллекті институтының атқарушы директоры Ли Цинду роботтың артықшылықтарын атап өтті. Оның айтуынша, "Сюэба 01" әлемде теңдесі жоқ аса жеңіл биомиметикалық сіңір құрылымына және шынайы бет әлпетті бейнелеу технологиясына ие. Робот 100-ден астам адамға ұқсас бет қимылдарын орындай алады, нақты уақыт режимінде аудиториямен әрекеттесіп, қойылым стилін көрермен реакциясына қарай өзгерте алады.

"Қазіргі кезде ол Хэнань, Шанхай және Пекин операларынан үзінділерді орындай алады. Дегенмен, оның қимылдары әлі де жеткілікті деңгейде шынайы емес. Сондықтан біз кәсіби әртістердің қимыл-қозғалысын арнайы жүйе арқылы жазып алып, роботқа үйретіп жатырмыз", – деді Ли Цинду.

ШТИ ректоры Хуан Чанъюн жобаның басты мақсаты – өнер мен технологияның тоғысын зерттеу екенін айтты. Ал профессор Ян Цинцин роботқа тек техникалық білім ғана емес, сонымен бірге кейіпкердің эмоциялық астарын түсіндіру арқылы шығармашылық қабілет беруге болатынын жеткізді.

Сарапшылардың пікірінше, "Сюэба 01" бастамасы өнер саласындағы білім беруге тың серпін бермек. Жоба дәстүрлі қытай өнерін заманауи технологиямен ұштастырып, мәдени мұраны сақтаудың жаңа мүмкіндіктерін ашпақ.

Дереккөз: Синьхуа агенттігі

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу