KZ
Өскемен
-7°
пасмурно жел 4 м/с, З
519.61 610.13 6.54

ШҚО-ға Қытайдан ірі компания өкілдері келді

25.09.2025, 20:40 207 Төлеуғазы Жансая


Шығыс Қазақстанға Қытай Халық Республикасынан түрлі ірі компаниялардың өкілдері келді. Ертең олар Өскеменде өтетін халықаралық инвестициялық форум «Altai Invest-2025» шарасына қатыспақ, деп хабарлайды Altainews.kz.

Қытай делегациясын Қазақстандағы ҚХР-дың Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлин бастап келді. Олар Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановпен кездесті.

– «Altai Invest-2025» халықаралық инвестициялық форумына қатысқандарыңыз үшін шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Сіздердің бұл шараға келулеріңіз – Қазақстан мен Қытай арасындағы жоғары деңгейлі қарым-қатынастың дәлелі әрі экономикалық және гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайтуға дайын екендіктеріңіздің көрсеткіші, – деді өңір басшысы.

Кездесуде тараптар Шығыс Қазақстанда жүзеге асып жатқан табысты жобаларды талқылады. Соның бірі – Лу Бань шеберханасы. Бұл жоба аймақта іске қосылған соң, елдің өзге өңірлерінде тағы екі осындай шеберхана ашылды.

Сонымен қатар, Марқакөл ауданында халықаралық өткізу бекетін салу мәселесі сөз болды. Бұл жоба екі ел арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.

ШҚО инвестициялық тұрғыдан тартымды аймақ ретінде Қытай компанияларымен түрлі салада өзара әрекеттестікке мүдделі екенін жеткізді. Қытай тарапы да барлық бағытта серіктестікті нығайтуға ниетті екенін атап өтті.

Айта кетейік, ертең қытайлық делегаттар «Altai Invest-2025» форумына қатысады. Екі тарап та бұл басқосу облыс пен Қытай Халық Республикасы арасындағы серіктестікті дамытуға тың серпін береді деп күтуде.

Елизавета Седых
Фото: Махаббат Ахметжанова
Видео: Евгений Щетников

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу