Су саласы мамандықтарына грантқа түскен студенттер саны 71%-ға артты
stock.adobe.com
2025-2026 оқу жылында су саласына қатысты мамандықтарға – соның ішінде гидрогеология мен гидрология бағыттарына – мемлекеттік грантпен оқуға түскен студенттердің саны 894-ке жетті. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 71%-ға артқан, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Грант иеленушілердің құрамы:
- 818 студент – бакалавриат
- 44 студент – магистратура
- 32 студент – докторантура
2024-2025 оқу жылында осы мамандықтарға 523 студент грантпен қабылданған болса, 2023-2024 жылы бұл көрсеткіш бар болғаны 291 болған. Ал биыл ақылы негізде оқуға түскен студенттердің жалпы саны – 183 (оның ішінде 128 – бакалавриат, 52 – магистратура, 3 – докторантура).
Су саласында білім алушылар саны – 2 100-ден асты
2025 жылдың қыркүйегіндегі жағдай бойынша Қазақстанның жоғары оқу орындарында су саласы бойынша білім алып жатқан студенттердің жалпы саны – 2 101. Сонымен қатар, 8 колледжде жұмысшы кадрларды даярлау жұмыстары жүргізіліп жатыр, бұл оқу орындарында қазір 630 студент білім алуда.
Сала бойынша кадр дайындайтын жоғары оқу орындарының саны 9-дан 13-ке дейін артқан. Барлық оқу орындарымен Су ресурстары және ирригация министрлігі өзара ынтымақтастық туралы меморандумдар жасасты.
Министрліктің мәліметінше, осы меморандумдар аясында студенттер министрлікке қарасты су шаруашылығы кәсіпорындарында өндірістік тәжірибеден өте алады. Нәтижесінде, биыл өндірістік тәжірибеден өткен студенттердің саны 5 есеге артқан.