Қазақстан шетел азаматтарына 550 білім грантын бөлді
Фото: alashainasy.kz
Жыл сайын елімізде шетелдік азаматтарға, оның ішінде Қазақстанның азаматы болып саналмайтын ұлты қазақ тұлғаларға арналған стипендиялық бағдарламаға үміткерлерді іріктеу жүргізіледі. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Facebook парақшасында жарияланды.
Стипендиялық бағдарлама – Қазақстанда жоғары білімді және ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасындағы бағыттардың бірі.
Биыл Стипендиялық бағдарламаға 550 грант, оның ішінде 490 бакалавриат, 50 магистратура және 10 докторантура бағдарламаларына бөлінді.
"2019 жылдан бері шетелдік азаматтарды стипендиялық бағдарлама бойынша қабылдау басталған. Жыл сайын осы бағдарлама негізінде қазақстандық жоғары оқу орындары шетелдік студенттермен толығуда. 4 жыл ішінде стипендиялық бағдарлама бойынша 885 шетелдік студент оқуға мүмкіндік алды", – деп жазылған хабарламада.
Биыл 6 мыңнан астам үміткер өтініш тапсырды. Бұл ретте бакалавриат бағдарламасы бойынша гранттарға өтінімдердің үлесі – 79%. Докторантура мен магистратура бағдарламаларына өтінімдер арасында ең үлкен бәсекелестік болады, яғни 1 орынға 24 және 20 адам үміткер.
Қазіргі уақытта 2400-ге жуық үміткер стипендиаттарды іріктеудің соңғы кезеңі – онлайн-сұхбат өтіп жатыр. Соңғы шешім осы жылдың тамыз айының соңғы он күнінде ҒЖБМ жанындағы стипендиаттарды іріктеу жөніндегі Конкурстық комиссияның шешімімен қабылданады.