Қазақстан колледждеріне 7 шетелдік оқу орны интеграцияланды
gov.kz
Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Қазақстандағы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары шетелдік оқу орындармен ынтымақтастығын кеңейтіп жатыр. Биыл еліміздің колледждеріне жеті шетелдік оқу орны интеграцияланып, стратегиялық әріптестік орнатылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Серіктес мемлекеттердің қатарында Қытай, Оңтүстік Корея, Франция, Түркия, Жапония, Ұлыбритания және Грузия бар. Бұл әріптестік аясында бірлескен оқу бағдарламалары әзірленіп, білім беру процесіне халықаралық стандарттар енгізілуде. Сонымен қатар, жаһандық кампустар құру, академиялық ұтқырлықты кеңейту, қазақстандық колледждерге шетелдік студенттер мен оқытушыларды тарту және халықаралық аккредитациялау сынды бастамалар жүзеге асырылуда.
Осы шаралар қазақстандық студенттердің әлемдік тәжірибеге қол жеткізуіне және бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуына мүмкіндік береді. Сонымен бірге, кәсіби біліктілікті халықаралық деңгейде растау мақсатында Certiport жобасы іске қосылды. Аталған жоба аясында алғашқы 11 студент IT саласында халықаралық сертификаттарға ие болып, жаһандық еңбек нарығында өздерінің бәсекеге қабілеттілігін дәлелдеді.
Шетелдік серіктестік Қазақстан колледждеріндегі білім беру сапасын жаңа деңгейге көтеріп, жастарға заманауи технологиялар мен үздік тәжірибелерге негізделген білім алуға жол ашып отыр.