Азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін Үкімет қосымша шаралар қабылдайды
Жаңа жыл алдындағы жоғары сұраныс кезеңінде азық-түлік бағасын ұстап тұру үшін Үкімет желтоқсан айына бағытталған қосымша шараларды іске қосады: әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізбесі кеңейтіліп, жәрмеңкелер саны артып, ірі импорттаушылармен жұмыс жанданады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен инфляцияны тұрақтандыру жөніндегі кезекті кеңесте елдегі азық-түлік бағасын тұрақты деңгейде ұстап тұруға бағытталған шаралар жан-жақты талқыланды. Жиында қараша айының алғашқы үш аптасында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның өзгеріссіз қалуы оң көрсеткіш ретінде айтылды.
Желтоқсан айы – халықтың сатып алу белсенділігі күрт өсетін кезең. Осыған байланысты кеңеске қатысушылар супермаркеттер мен базарларда тауар қорының жеткілікті болуы, бағаның негізсіз қымбаттауына жол бермеу және нарықты күшейтілген бақылауда ұстау мәселелерін көтерді.
Сауда және интеграция министрлігінің Сауда комитеті баға құбылмалығы жоғары тауарларды әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізбесіне уақытша енгізу туралы жобаны әзірледі. Жаңа тізім нарықтағы бағаны жиі өзгертіп тұратын өнімдерді қамтиды.
Құжат қазіргі уақытта келісу сатысында. Алдағы күндері бұл бастама бизнес-қоғамдастықпен, ірі өндірушілермен және «Атамекен» ҰКП-мен талқыланып, соңғы нұсқасы бекітіледі деп жоспарлануда. Жаңа тізім енгізілсе, баға мониторингі, бақылау және реттеу тетіктері күшейтіледі.
Өңірлерде жыл бойы ұйымдастырылып келе жатқан ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өз тиімділігін көрсетуде: биыл 5 мыңнан астам жәрмеңке өткізіліп, олар демалыс күндері тұрақты түрде жұмыс істеді.
Желтоқсанда бұл жұмыстар одан әрі жалғасады. Сауда желілерімен бірлесіп, дәстүрлі «Береке fest» республикалық акциясы қайта ұйымдастырылады. Бұл акцияда тұрғындар жиі тұтынылатын азық-түлікті төмен бағамен сатып ала алады.
Сонымен қатар жаңа жыл қарсаңында әр облыста жергілікті әкімдіктердің қолдауымен кең ассортименттегі өнімдері бар ірі жәрмеңкелер өтеді. Мұндай шаралар бағаларды ұстап тұруға және халыққа қолжетімді өнім ұсынуға бағытталған.
Желтоқсан – импорттық азық-түлікке сұраныс артуымен ерекшеленетін ай. Осыған орай Сауда комитеті елге өнім жеткізетін ірі импорттаушылар пулын құрды.
Алдағы күндері осы компаниялармен келіссөздер өткізіледі. Тараптар жоғары сұранысқа ие тауарлар бойынша жеткізілім көлемін тұрақтандыруды, баға негізсіз өспеуі үшін тиісті шараларды қабылдауды талқылайды.
Кеңес қорытындысы бойынша Премьер-министрдің орынбасары Сауда және интеграция министрлігіне әкімдіктермен бірге баға мониторингін күшейтуді, нарықтағы жағдайға жедел әрекет етуді және баға тұрақтылығын қамтамасыз ету жұмыстарының үздіксіз жүргізілуін тапсырды.
Желтоқсанда қолданысқа енгізілетін шаралар кешені нарықты азық-түлікпен толық қамтамасыз етуге, қымбаттаудың алдын алуға және тұрғындардың жаңа жыл алдындағы шығындарын азайтуға бағытталған.