Ойнаймын деп от баспа: фейк ақпарат таратқандар заң алдында жауапқа тартылады

Фото: kz.qlever.asia
Әлеуметтік желілер мен көпқабатты тұрғын үйлердің ортақ чаттарында соңғы күндері үш қауіпті қылмыскердің қамаудан қашып кеткені жөнінде ақпарат тараған болатын. Бұл жағдай қоғамда алаңдаушылық тудырды. Алайда аталған дерекке байланысты Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаменті ресми түсініктеме беріп, таратылған мәліметтің шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Осы орайда, редакция жалған ақпарат таратудың салдары қандай болатынын еске сала кеткенді жөн көрді. Қазақстанда фейк ақпарат тарату Қылмыстық және Әкімшілік құқық бұзушылық кодекстерінде нақты жазаланатын әрекет болып саналады.
Қылмыстық жауапкершілікке келсек, ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабында «Көрінеу жалған ақпарат тарату» әрекеті үшін келесі жазалар қарастырылған: егер мұндай ақпарат қоғамдық тәртіпті бұзу немесе азаматтар мен ұйымдарға елеулі зиян келтіру қаупін төндірсе — кінәлі тұлға 1000 АЕК-ке дейін айыппұл төлеуі, 400 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартылуы немесе бір жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал егер жалған ақпарат бұқаралық ақпарат құралдары, телекоммуникация желілері немесе әлеуметтік желілер арқылы таратылса, жаза күшейеді: 3000 АЕК-ке дейін айыппұл салынады немесе үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Төтенше жағдай немесе соғыс уақытында жалған ақпарат таратқандар үшін жаза тіпті ауыр — үш жылдан жеті жылға дейін түрмеге қамау қарастырылған.
Бұдан бөлек, Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 456-2-бабына сәйкес, жалған ақпаратты орналастырған немесе таратқан тұлғаларға да айыппұл салынады: жеке тұлғаларға – 20 АЕК (шамамен 73 840 теңге), шағын бизнес және коммерциялық емес ұйымдарға – 30 АЕК (110 760 теңге), орта бизнеске – 50 АЕК (184 600 теңге), ал ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 100 АЕК (369 200 теңге) мөлшерінде айыппұл белгіленген. Егер мұндай әрекеттер бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл екі есе көбейтіледі немесе кінәлі тұлға 10 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алынады.
Сондай-ақ ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабында «Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлағаны» үшін 5000 АЕК көлемінде айыппұл немесе бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Осыған орай, полиция қызметкерлері тұрғындарды жалған ақпаратқа сенбеуге, тек ресми дереккөздерге жүгінуге және ел ішіндегі тыныштықты бұзуға жол бермеуге шақырады.