Самар ауданының кәсіпкерлері сергелдеңге түсті - ШҚО
Фото: Шығыс ақпарат
Самар ауданының кәсіпкерлері аудан әкімдігінің бірнеше жылдан бері қордаланған жергілікті жердегі мәселелерді шеше алмай, сергелдеңге түсіріп отырғанын айтып, алаңдауда.
Самар ауданындағы демалыс орындарының жай-күйі мен туризмді өркендетуге тұсау болып тұрған түрлі проблемалар жуықта өңірлік кәсіпкерлер палатасының отырысында тағы да көтерілді, деп хабарлайды Altaynews.kz сайты.
Аудан әкімдігі мәселені неге шеше алмай отыр?
Қаншама айдан емес, жылдан бері күн тәртібінен түспей тұрған түйткілді мәселе – Бұқтырма жағалауындағы демалыс базаларында жарықтың, ұялы байланыстың, тұрмыстық қалдықтарды жинайтын қызметтің, қысқасын айтқанда, туристік қызмет көрсетіп, кәсіпкерлікпен айналысатын инфрақұрылымның жоқтығы.
Бұқтырма жағалауына жақын орналасқан Самар ауданындағы демалыс орындарының жай-күйі мен туризмді өркендетуге тұсау болып тұрған түрлі проблемалар жуықта өңірлік кәсіпкерлер палатасының отырысында тағы да көтерілді.
Бұл күнде Бұқтырма су қоймасының Самар ауданы тұсындағы жағалауында демалыс үйлері бірінен соң бірі тізіліп, салынып жатыр. Біреулер жер сатып алып, дайын модульдік ағаш үйлерді апарып қойып жатса, біреулер кірпіштен, бетоннан тұрғын үй салып, демалыс орындары жылдан-жылға көбейе түсуде. Самар жақта туристік нысандардың бұлай күрт көбейіп жатқаны да жағалауды қажетті инфрақұрылымдармен қамту проблемасын шешуге көңіл аудартқызбай отыр. Енді демалыс орындарының иелері өзі жүгіріп, кәсіпкерлікпен айналысуға мүмкіндік беруді, инфрақұрылым тартып, демалушыларға жағдай жасауды өтініп, әкімдіктің, кәсіпкерлер палатасының табалдырығын тоздырып жүр.
Туризмді дамытып, тұрғындарға кәсіп көзін таптырып, халықты табысқа кенелтіп, өңірлерді өркендетеміз, тұрмысты түзетеміз деп аудан, облыс, республика көлемінде түрлі жобалар тізіліп, бағдарламалар жасалып жатыр. Ал биліктің Шығыстың шырайына, көптің демалатын орнына айналған Самар жағалауына қаншама жылдан бері не жарық тарта алмай, не қоқыс төгетін орын аша алмай, не телефон байланысына қоса алмай отырғаны мынау. Туризмді дамытқан түріміз – осы.
Жыл басында Полина Жукова бастаған 20-дан астам кәсіпкердің жергілікті әкімдікке хат жолдап, әкімдіктегілермен бірнеше рет кездесу өткізіп, демалыс базалары аумағына ортақ энергия желісін тартып, ұялы байланыс, тұрмыстық қалдықтарды орналастыру, жинау қызметтерін жолға қоюға көмектесуді сұрағандары туралы жазғанбыз. Алайда кәсіпкерлер көтерген мәселелердің бәрі айтылған күйінде қалған екен. Үш ай өтсе де, ешбір мәселе шешілмеген.
Бұқтырма жағалауындағы Сарыбел ауылы мен Миролюбовка ауылының жан-жағындағы демалыс орындарының иелері өңірлік кәсіпкерлер палатасына бұл жолы да көмек сұрай келді.
Кәсіпкерлер алдында Алтай өңірі бойынша «Бірлескен Энергия Сервистік Компаниясы» АҚ-ның директоры Ерболат Алпиев кәсіпкерлердің көтеріп отырған мәселелері орынды екенін, Бұқтырманың жағасындағы демалыс базаларының жарықпен тұрақты қамтылмай отырғандығына қатысты былтыр күзде облыс әкімдігіне хат жолдағанын, хатқа бүгінгі күнге дейін жауап қайтарылмағанын жеткізді.
Ол Самар жағалауындағы бейберекет орналасқан электр құрылымдарын реттеп, қайтадан жүйелеу қажеттігін, ол жаққа 110 киловольттық желі тартып, қосалқы станция салып, сол қосалқы станциядан жан-жаққа басқа желілер тарату қажеттігін айтты. Түсіндіруінше, ол жақта бұдан басқа жекеменшік станция болмауы тиіс, жағалауды жаппай тұрақты электр энергиясымен қамту мәселесі сонда ғана түбегейлі шешілетін болады.
Сонымен Самар жағалауының инфрақұрылымдарына байланысты өңірлік кәсіпкерлер палатасында өткен бұл отырыс та «сөйту керек, бүйту керекпен» шектелді.
Әкім орынбасарының бұл сөзі жағалауда биыл да жағдай өзгермейтінін білдіргендей.
Altel станциялары орнатылады
Кәсіпкерлер тұрмыстық қалдықтар мен жарыққа қатысты жарытып жауап ала алмағанымен ұялы байланыс қызметінің болатынына көздері жетті. Өңірлік кәсіпкерлер палатасындағы туризм комитетінің төрағасы, аймақтық кеңес мүшесі, кәсіпкер Асқар Оразбаев Altel компаниясымен келіссөз жүргізіп, Самарда базалық станциялар орнатуға қол жеткізген. Кәсіпкерлер енді қол қойып, станцияларды орнатуға өтініш жіберуі керек. Бірнеше жыл бұрын Алакөлдегі ұялы байланыс мәселесі де осылай шешілген болатын.
Асқар Оразбаев, Өңірлік кәсіпкерлер палатасы жанындағы туризм комитетінің төрағасы:
Өңірлік кәсіпкерлер палатасында өткен отырыс қорытындысында Самар ауданы әкімдігіне аудандық мәслихаттың алдағы сессиясында Бұқтырма жағалауындағы, Сарыбел мен Миролюбовка ауылдарының ортасындағы туристік нысандардың инфрақұрылымдарын дамытуға бюджеттік қаржы бөлу мәселесін қарау ұсынылып, қадап тапсырылды. Кәсіпкер Полина Жукова бастаған кәсіпкерлерге Altel компаниясымен ұялы байланыс станцияларын орнатуға шарт жасасуға ұжымдық өтініш даярлау тапсырылды. Кәсіпкерлер өтініші орындалып, станциялар тезірек орнатылса, биыл жазда Самар жағалауында интернет те, ұялы байланыс та болуы тиіс.
Өңірлік кәсіпкерлер палатасының басшылығы маусымның өткір де өзекті мәселесіне айналып келе жатқан Самар жағалауының инфрақұрылымын дамыту проблемаларына байланысты алдағы уақытта Самар ауылында аудан кәсіпкерлерімен, жергілікті атқарушы билікпен бірге көшпелі отырыс өткізбек.
Бұқтырма жағалауына жақын орналасқан Самар ауданының туристік әлеуеті зор болғанымен, туристік нысандардан келіп түсетін салық көлемі мардымсыз. Сарыбел ауылдық округіндегі 1177 жер учаскесінің 1155-інің демалыс орны ретінде жұмыс істеуге рұқсаты бар екен. Алайда сол демалыс базаларына иелік етіп отырған кәсіпкерлердің тоғызы ғана ауданда тіркелген. Өзгелері басқа өңірлерде тіркелгендіктен, олардың төлеген салықтары ауданның емес, сол жақтың қазынасына түседі. Өткен жылы жаңадан құрылған аудан бюджетінің бүйірін толтыруға бұл жағдай да кері әсерін тигізіп тұр, сол кәсіпкерлер Самар ауданында тіркелсе, аудан бюджетіне, инфрақұрылымдарды дамытуға қажетті қаржы да молыға түсер еді дейді әкімдіктегілер.
Автор: Жанаргүл МҰҚАТАЙ