Этномәдени бірлестік өкілдері антикор қызметімен танысты – ШҚО
Фото: gov.kz
1 мамыр – Қазақстан халқы бірлігі күні қарсаңында ШҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі этномәдени бірлестіктер өкілдері үшін «Ашық есік күні» акциясын өткізді.
Департамент миссиясын түсіндіру, қызметін таныстыру мақсатында ұйымдастырылған шарада облыстық департаменттің басшысы Денис Шакенов қызмет бағыты, орталық құрылымы, мекемеге қызметке орналасу тәртібі және жұмыс шарттары туралы баяндады. Сонымен қатар өңірде сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүзеге асырылып жатқан жобалар жайын да мәлімдеді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Қатысушылар сыбайлас жемқорлық қылмыстары туралы хабарлаған азаматтарды көтермелеудің сараланған жүйесі туралы хабар алып, агенттіктің «1424 Call-орталығы» қызметі арқылы азаматтарға тегін ақпараттық-консультациялық қолдау көрсетілетіндігі туралы білді.