Орман аумағында ауқымды өрт-тактикалық оқу-жаттығу өтті – ШҚО
Фото: gov.kz
ШҚО Глубокое ауданы Черемшанка ауылында облыс әкімінің орынбасары Ержан Нұрбаевтың басшылығымен орман аумағында ауқымды өрт-тактикалық оқу-жаттығу өтті.
Облысқа сапары аясында ҚР экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова жаттығуға қатысып, азаматтық қорғау қызметінің табиғи сипаттағы төтенше жағдайға дайындығына баға берді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Ойластырылған бағдарлама бойынша, Черемшанка орман шаруашылығы аумағында найзағай әсерінен дала өртенген. От тез таралып, жалын алапат өртке ұласқан. 12-14 м/с жылдамдықпен соққан жел жағдайды ушықтырып, өрт қаупі ең жоғары 5-санатқа жеткен. Барлау жүргізген орман шаруашылығының қызметкерлері жақын маңдағы ауылға қауіп төніп тұрғанын анықтады. Аймаққа арнайы топтар шеруі жетіп, құралдар жеткізілген. Жергілікті атқарушы органдар елді мекен тұрғындарын «Вахта» автокөлігімен эвакуациялады.
Бірнеше сағатқа созылған арпалыстан кейін 150 гектар аумаққа жайылған өрт сөндірілді.
Оқу-жаттығуға ШҚО ТЖД күштері, орман шаруашылығы мен табиғи қорықтың, ҚР Ұлттық ұланы №5518 әскери бөлімінің, "Қазавиаорман қорғау" бөлімшелерінің, Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері мен еріктілер қатысқан. Барлығы 51 техника және 190 адам, "МИ-8" тікұшағы жұмылдырылған.

