«Үйдене» мен «Қандысу» су қоймалары күрделі жөндеуден өтеді
Фото: автор
Amanat партиясы облыстық филиалы саяси кеңесі бюросының отырысында Зайсан ауданындағы «Үйдене», Тарбағатай ауданындағы «Қандысу» су қоймаларын күрделі жөндеу проблемалары қаралды.
Бұл мәселелер облыстық сайлауалды бағдарламаның жол картасына енген, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
– Облыста жөндеуді қажет ететін екі су қоймасы бар. Үйдене қоймасының жобалық көлемі – 75,5 миллион текше метр. 2016 жылдан бастап «Қазсушар» кәсіпорнының жарғылық капиталын ұлғайту бюджеттік бағдарламасы аясында су қоймасын жаңарту басталды. 2016-2017 жылдары 403 681,7 мың теңге игерілді. Жобалық сәйкессіздікке байланысты жұмыс 2018 жылы тоқтады. 2019 жылы жобалық-сметалық құжат түзетіліп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Түзетуден кейін жоба құны 1 290 661,4 мың теңгені құрады. Бүгінде мемлекеттік сараптама мерзімі аяқталды. Жобаны аяқтауға қажет қаражаттың болжамды құны – 1,9 миллиард теңге, – деді «Қазсушар» кәсіпорны облыстық филиалының директоры Нұржан Әміржанов.
Сайлауалды бағдарламасы жол картасының 19-тармағында 2027 жылға дейін кезең-кезеңмен «Қандысу» су қоймасын жөндеуді аяқтау көрсетілген.
– Су қоймасы 1983 жылы салынған, жобалық көлемі – 43,7 миллион текше метр. Бүгінде апатты жағдайда. Республикалық бюджеттен қаржыландыру мақсатында өтінім беріледі. Жоба оң қаралса, қайта құру жұмысы 2024 жылдың соңында басталады, – деді Нұржан Әміржанов.
Партия бұл су қоймаларындағы жұмыстардың сапалы әрі уақтылы орындалуын бақылайтын болады.
Оқи отырыңыз