Құтқарушылар ат мініп, өңірді аралады – ШҚО
Фото: ШҚО ТЖД Баспасөз қызметі
ШҚО-да құтқарушылар су айдындарын патрульдеу, полиция және орманшылармен бірлесіп аймақтағы өрт қаупін бағамдау үшін өңірді атпен аралады.
Осындай рейдтердің арқасында мобильді топтар өрт қауіпсіздігі ережесін бұзған 35 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартты, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Атпен аралау саяжай учаскелері мен орманды дала аумағындағы өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзушыларды жедел анықтау және жазатайым оқиғалар жиі тіркелетін жетуі қиын жерде орналасқан су айдындарындағы қауіптен адамдарды қорғау үшін ойластырылған.
Рейд барысында тыйым салынған жерде шомылғандар да жауапкершілікке тартылды.
Осындай патруль жұмыстары жағалауда түсіндіру жүргізумен шектелмейді. Қызметкерлер қайыққа отырып, су айдындарында тәртіптің бұзылмауын бақылайды. Қазіргі уақытта облыс бойынша 22 шомылу орны бекітілген, тағы 111 орында шомылуға тыйым салынған.