ШҚО-дағы аурухана кәсіпкерлерге 16 млн теңге қарыз
Фото: depositphotos.com
Шемонаиха ауданының прокуратурасы әділдік іздеген кәсіпкерлердің құқығын қорғап, қызметі үшін тиісті 16 млн теңгені алуға көмектесті.
Прокуратура Шемонаиха аудандық ауруханасы шарттық міндеттемелерді орындамай, кәсіпкерлер құқығын бұзған, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Дәлірек айтсақ, өткен жылдың 21 сәуірінде аудандық аурухана мен «Фармакс-2» ЖШС жалпы сомасы 1 209 250 теңге тұратын медициналық заттарды жеткізу туралы шарт жасасқан. Былтырғы қыркүйекте «Фармакс-2» мекемесі жеткізген тауарды аурухана уақтылы қабылдап алғанымен, белгіленген мерзімде қызмет ақысын төлемеген.
Облыстық прокуратура ұсынған дерекке сүйенсек, аудандық аурухана «Магнесия Қазақстан МРТ орталығы» ЖШС, «Шығыс-фарм» ЖШС, «ВестарКом» ЖШС, «Гузар» ЖШС, «МедиДез Юг» ЖШС, «ЭлитМед» ЖШС, «Ювентамед» мекемелеріне де қызмет ақысын төлемеген.
Прокурорлық қадағалау акті енгізілгеннен кейін аудандық аурухана аталған мекемелерге берешегін толық өтеген. Кәсіпкерлерге жалпы сомасы 16,3 млн теңге төленді.