ШҚО-дан жазғы Олимпиада ойындарына кімдер қатысады?
![](/kz/uploads/posts/2023-07/article_52759.webp)
Фото: qazaqstan.tv
ШҚО-дан жазғы Олимпиада ойындарына 18 спортшы қатыса алады.
33-ші жазғы Олимпиада ойындары 2024 жылдың 26 шілдесінен 11 тамыз аралығында Парижде 32 спорт түрінен өтеді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
ШҚО денешынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Серік Құсымбаевтың айтуынша, бүгінгі таңда өңірде спорттың 7 түрі бойынша 18 адам қатысуға үміткер екен.
– Жеңіл атлетикадан үміткерлер қатарында Надежда Дубовицкая, Элина Михина, Жанна Мамажанова, Галина Якушева, Дейзи Джепкемей, Каролина Кипкируи, Шадерак Коеч, Нора Тануи бар, еркін күрестен Азамат Дәулетбеков, Данияр Қайсанов, грек-рим күресінен Ернар және Ернұр Фидахметовтар, ескек есу слаломынан байдаркаларда және каноэда Александр Куликов, Қуаныш Ергайыпов, байдарка мен каноэда есу бойынша Маргарита Торлопова, ауыр атлетикадан Денис Уланов және семсерлесуден Руслан Құрбанов пен Вадим Шарлаимов, – деді Серік Құсымбаев.
Сонымен қатар әртүрлі спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасы құрамасының құрамына Шығыс Қазақстаннан 707 спортшы кіріп отыр.
– 2023 жылдың 6 айында облыс спортшылары түрлі спорт түрлері бойынша 3303 медаль жеңіп алды, оның ішінде: алтын - 1208, күміс - 1031, қола - 1064. Үш жүз спортшы 35 Халықаралық турнирге қатысуды жоспарлап отыр, ал 170 спортшы Әлем және Азия чемпионаттарына қатысады, – дейді спикер.