Торжуа жинағандар мемлекетке 7 млн теңге шығын келтірді
Фото: ШҚО ПД ресми парақшасынан алынған
Мамыр айының басында Риддер қаласында патрульдік қызметте жүрген полиция қызметкерлері дүкендердің бірінің маңында 1965 жылы туған әйелді тоқтатқан. Тексеру кезінде әйел өзімен бірге сирек кездесетін, жойылып кету қаупі бар 976 дана ұсақ торжуаны алып жүргені анықталды.
ШҚО ПД дерегінше, 1976 жылы туған тағы бір әйел мен 1975 жылы туған ер адамнан 984 және 2063 дана ұсақ торжуа табылып, тәркіленді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Тергеу барысында сирек кездесетін өсімдікті үшеуі Глубокое ауданына қарасты Черемшанка ауылының маңынан жинап, Риддер қаласына сату үшін әкелгені белгілі болған.
Заңсыз әрекеттің салдарынан шамамен 7 млн теңге шығын келген.
ШҚО ПД мәлімдеуінше, жауап алу кезінде әрқайсысы өз кінәсін мойындады. Оларға қатысты елден кетпеу туралы жазбаша міндеттеу түріндегі процестік мәжбүрлеу шарасы таңдалды.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 339-бабы 1, 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Олардың кінәсі дәлелденген жағдайда күдіктілерді 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы күтіп тұр.