Өскеменде көлік айдап әкеткен күдікті бейнежазба арқылы анықталды
Фото: ШҚО ПД ресми парақшасынан алынды
ШҚО ПД дерегінше, бейнабақылау камераларының құқық бұзушылықтың алдын алу мен оларды анықтауда пайдасы мол. Тек осы жылдың басынан бері ғана камера жазбалары арқылы 94 қылмыс ашылды. Анықталған қылмыстардың ішінде 8 тонау дерегі, 4 бұзақылық, 39 ұрлық және 13 көлік айдап әкету дерегі ашылған.
Өскемен қаласында камера жазбалары арқылы көлік айдап кеткен күдікті анықталды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
20 шілде күні Өскемен қаласының ПБ Үлбі полиция бөліміне қала тұрғыны жүгінген. Тұрғын қала дәріханаларының бірінің тұрағында тұрған «Hyundai Accent» маркалы автокөлігін белгісіз адам заңсыз иемденгені туралы шағым түсірген.
Мүлік иесінің көліктің ішіне кілтті тастап, шығып кеткенін көрген күдікті оңтайлы сәтті пайдаланып үлгерген. Алайда ол алысқа кетіп үлгермеген. Бақылау камераларының жазбалары арқылы күдікті анықталды.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдікті ұсталды. 1983 жылы туған қала тұрғыны жауап алу кезінде әрекетін мойындады.
Қазіргі уақытта оған қатысты келуге міндеттеу түріндегі процесстік мәжбүрлеу шарасы таңдалды.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 200-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Осы баптың санкциясы бойынша 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған.