Өскемен тұрғыны автобекетте тұрған мотоциклінен айырылып қала жаздады
Фото: ШҚО ПД ресми парақшасынан алынды
Шілде айының соңында Өскемен қаласының тұрғыны қалалық ПБ Үлбі полиция бөліміне жүгінген.
Тұрғын автобекет тұрағындағы "Skyline R11" маркалы мотоциклін белгісіз адам ұрламақшы болғанын айтып, арызданған көрінеді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Жедел іздестіру іс-шараларының барысында полиция қызметкерлері бейнебақылау камераларының көмегімен 2000 жылы туған күдіктіні анықтап, ұстаған. Ол бұрын осындай қылмыс үшін сотталғаны және бас бостандығы шектелгені анықталды.
ШҚО ПД дерегінше, мотоциклді байқаған күдікті иесі алыс кете салысымен көлікке жақындаған. Оның әрекеті бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Ол жауап алу кезінде өз әрекетін мойындаған көрінеді. Оған қатысты келуге міндеттеу түріндегі процестік мәжбүрлеу шарасы таңдалды.
ШҚО ПД аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.