Құтқарушылар 12-қабаттағы өрт кезінде 4 баланы құтқарды – ШҚО
18 мамырда ШҚО ТЖД "101" қызметіне Славский атындағы жағалау көшесінде орналасқан көпқабатты үйдің 12-қабатындағы пәтерде өрт шыққаны туралы қоңырау келіп түсті.
Оқиға орнына жедел жеткен ШҚО ТЖД өрт сөндіру бөлімшелері терезеден шығып жатқан қою түтін мен лапылдап жанған жалынды байқаған. Мамандар пәтерлердегі жағдайды анықтап, зардап шеккендердің бар-жоғын тексеруге кіріскен. Өрт сөндірушілер 9 тұрғынды баспалдақ арқылы сыртқа шығарды, оның төртеуі – бала, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Кейін автосатыны 12-қабат деңгейінде орнатып, өрт сөндіруге кіріскен. Жалын шарпыған аумақ 50 шаршы метрді құрайды. Өрт сөндіруге жеке құрамның 35 қызметкері мен 10 техника жұмылдырылды. ТЖД хабарлауынша, өрт шыққанын байқап, сыртқа шығып үлгерген үй иесі көршілерінен көмек сұраған. Өрт сөндірушілерге хабар берген де көршілері екен. Болжам бойынша, өрт электр жабдықтарын монтаждау және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын дұрыс орындамағандықтан, отты дұрыс қолданбағандықтан шыққан.
«Апаттар медицинасы орталығы» мен жедел жәрдем дәрігерлері тексеру жүргізгеннен кейін улану белгілері байқалған 2 қыз бала ауруханаға жатқызылды.
ШҚО ТЖД ақауы бар электр сымдары мен кабельдерді, розеткаларды пайдалану қауіпті екенін еске салады. Мамандар электр құрылғыларын электр желісіне қосып, қараусыз қалдыруға болмайтынын атап өтті.
Төтенше жағдай кезінде "101" және "112" телефондарына хабарлау керек.