Үлкен Нарын, Марқакөл аудандарын құру туралы ұсыныс Үкіметке жолданады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 17 маусымда өткен Ұлттық құрылтайда Катонқарағай және Үлкен Нарын аудандарын қалпына келтіру туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді. Облыс әкімі Ермек Көшербаев қатысқан облыстық мәслихаттың 5-сессиясында ҚР Үкіметінің қарауына аталған аудандарды құру туралы ұсыныс жолдау мәселесі талқыланды.
Құжатта Катонқарағай ауданының әкімшілік орталығын Үлкен Нарын ауылынан Катонқарағай ауылына көшіру де көрсетілген, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Сонымен қатар облыс құрамында Үлкен Нарын мен Марқакөл ауданын құру туралы ұсыныс ҚР Үкіметімен қатар, Республикалық ономастикалық комиссияға да жолданады.
Жыл басындағы дерек бойынша, Катонқарағай ауданында тұратын халықтың саны 21 мыңға жеткен. Оның ішінде Үлкен Нарын өңірінде тұратын халықтың саны – 10 849, ал Катонқарағай аумағында тұратын халықтың саны – 10 408. Ал Үлкен Нарын аумағындағы 6 ауылдық округ Катонқарағай ауданы аумағының 46,1 пайызын құрайды.
Ал 1997 жылы ел Президентінің Жарлығы бойынша таратылып, Күршім ауданына қосылған Марқакөл ауданында 5 ауылдық округ, 30 ауыл болған. Ауданның сол кездегі аумағы 1102,9 гектарды құраған еді. Қазір өңірде 5 ауылдық округ, 23 ауыл бар. Марқакөл халқы 7585-ке жетіп, Катонқарағай ауданы тұрғындарының 33,9 пайызын құрап отыр.
Марқакөл өңірінде өнеркәсіп орындарының ішінде тау-кен өнеркәсібінің үлесі басым. Ал Үлкен Нарын ауылында егін және мал шаруашылығын дамытуға қажетті жағдай қалыптасқан.
Аудандарды бөлу арқылы алдағы уақытта мемлекеттік басқару процесін оңтайландыру мен түрлі қызметтерді қолжетімді ету, жергілікті мәселелерді шешудегі аймақтардың дербестігін және өз кірісін бөлу мүмкіндігін арттыру, шекара маңындағы өңірдің мәселелерін шешу арқылы өмір сүру сапасын жақсарту, жаңа жұмыс орнын құру сынды мәселелерді шешу көзделген. Сонымен қатар елді мекендер мен аудан орталығы арасындағы қашықтықты қысқарту және халықтың көшіп кетуін азайту да – басты мақсаттың бірі.