ШҚО-да биыл қанша тұрғын үй пайдалануға берілді?
Катонқарағай ауданында жыл басынан бері 2287 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.
Баспананың барлығы тиісті санаттағыларға кезек бойынша және жас медицина қызметкерлеріне берілген, деп хабарлайды Altaynews сайтының тілшісі.
- Көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында, жеке құрылыс салушылардан 20 екіпәтерлі тұрғын үй сатып алынған. Оның ішінде, Үлкен Нарын ауылынан – 13 үй, Катонқарағай ауылынан – 7 үй. Сондай-ақ ағымдағы жылы Катонқарағай ауылында жас дәрігерлерді тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 3 екіпәтерлі тұрғын үй сатып алынды, - деді аудан әкімі Ділдар Қалиқан.
Сондай-ақ өткен жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Үлкен Нарын ауылында 30 пәтерлі үшқабатты тұрғын үй бой көтерген, «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы шеңберінде 20 жеке тұрғын үй салынған болатын.
- «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020-2021» бағдарламасы аясында Үлкен Нарын ауылында 7 екіпәтерлі жеке тұрғын үй пайдалануға берілген. Жыл басынан бері 8 есепті кезеңінде барлығы 2287 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, тиісті санаттағыларға кезек бойынша тапсырылды, - дейді аудан әкімі.