Көпір құрылысы көңілдегідей жүріп жатыр – ШҚО
Бұқтырма су қоймасының үстінен салынып жатқан көпір құрылысы еліміздегі ең ауқымды әрі күрделі құрылыстардың бірінен саналады. Сол себепті оған жоғары санатты мамандар мен жұмысшылардың іріктелген тобы жұмылдырылып, орасан зор қаржы бөлініп отыр.
Құрылыс басталғаннан бергі екі жарым жылдың ішінде жұмыстың тоқтап қалуы, қажетті материалдардың уақтылы жеткізілмеуі сияқты келеңсіздіктер орын алып көрген емес. Бұл, әрине, осынау алып құрылысқа басшылық жасап жүрген мамандардың өз істеріне асқан жауапкершілікпен жіті көңіл қойып, не нәрсеге болмасын ұсақ-түйек деп қарамай, мұқият зер салуының нәтижесінде мүмкін болып отыр. Көпір құрылысы қазіргі кезде толық қуатымен, вахталық тәсілге сүйене отырып жүргізілуде, деп хабарлайды Altaynews.kz сайты.
Бүгінгі таңдағы жағдаймен жақын танысып, нақты мағлұматтар алып қайту үшін келген шағын топтың құрамында «Аманат» партиясы Күршім филиалының төрағасы Мамырбек Қалелов, Күршім ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Дәулетхан Тоқтыбаев және осы жолдардың авторы бар болатын. Бізді осындағы жауапты мамандардың бірі, учаске бастығы Ю.В.Чанов жылы қарсы алды.
Көпір құрылысында барлығы 240 адам еңбектенеді екен. Дәл қазіргі уақытта вахтамен жұмыс істеп жатқандардың саны – 160. Көпірдің негізгі бөлігін тұрғызуға қолайлы болу үшін салынған қосалқы көпірдің құрылысы аяқталуға тақау. Күні ертең көліктер жүріп өтетін табан жолдың алғашқы 64 метрлік қанаты көтеріліп қойыпты. Юрий Владимировичтің айтуынша, ұзындығы 1,4 шақырым болатын көпірге тіреу болатын 21 қос таған орнатылып, оның үстіне 20 табан жол қанаты қойылатын болады. Құрылыс екі жағалаудан бірдей жүргізіліп келе жатқандықтан, қосалқы көпір түйісуге таяп қалған екен.
Көпір құрылысына пайдаланылып жатқан техникалардың тізімі әжептәуір ұзақ екен. Олардың әрқайсысының атқаратын өзіне тән жұмыстары бар. Осылардың арасында ең маңыздысы деп қытай өндірісі шығарған шынжыр табанды алып крандарды атауға болады. Құрылыс басында осындай 12 кран жұмыс істеп жатыр. Қосалқы көпірмен жүріп, үлкен көпірдің оң жағалау мен сол жағалаудың аралығындағы ашық бөлігіне дейін барып қайтқанда көргеніміз бізге шынында да қатты әсер етті. Біз әлгіндей алып крандар мен басқа да құрылыс техникаларының қимылына көз салып, гүрсіліне құлақ түріп тұрып, мұндағы жұмыстың қаншалықты деңгейде ауқымды әрі күрделі екендігін жан-тәнімізбен түйсіндік. Осындағы бетон мен құрыштан құйылған алып бағандарға кенедей жабысып алып, дәнекерлеу жұмыстарын жүргізіп жатқан жұмысшылардың қимыл-қозғалыстарының қандай сақтықты, нендей жауапкершілікті талап ететініне көзіміз жетіп, көңіліміз сеніп тұрды.
Көпірдің алғашқы жобасы мен кейінгі аяқ астынан көтеріліп кеткен бағаның арасындағы айырмашылықтың салдарынан құрылыс құнының екі еседей қымбаттағанынан хабардар болатынбыз. Дегенмен, мемлекеттің көмегінің арқасында көпір құрылысы көңілдегідей жүріп, біртіндеп екі жағалаудың арасы жақындап келе жатыр. Бұл игілікті шарадағы «Облшығысжол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Жанболат Қазанов пен оның көпір құрылысы жөніндегі орынбасары Нигматулла Абдулхаковтың еңбегін ерекше атап айтуға болады. Дұрыс басшылықтың, тығырыққа тірелген қиын шақта тиімді жол таба білген әбжілдіктің арқасында аталған кәсіпорындағы барша жұмыс тиянақты деңгейде атқарылып жатыр. Осының барлығын есепке ала келе, сәтті аяқталуын бірнеше ауданның халқы, тіпті облыс тұрғындары асыға күтіп отырған көпір құрылысының өз мәресіне ойдағыдай жететініне сеніміміздің арта түскені шындық. Лайым, солай болып, баршамызға алып көпірдің үстімен тоқтаусыз зымырап өтер шаққа аман жетуді нәсіп қылсын!
Хасен Зәкәрия, Күршім ауданы