Өскеменнің жастары Арбатта асық атып, сурет салды
Өскеменде Тарбағатай ауданының мәдени күндері өтіп жатыр.
Осыған орай жастар қала орталығындағы Арбатта бас қосып, мәдени және рухани іс-шараларға қатысты, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Арбат алаңына жиналған жастарды өнерпаздар «Домбыра-патимен» қарсы алды. Күмбірлі күйге құлақ түрген жастар ары қарай ұлттық асық ату ойынын тамашалады. Қазіргі таңда қарқынды дамып келе жатқан ұлттық ойынға қызығушы жастардың көптігі қуантты. Кезек-кезек шығып ойынды қыздыра түсті. Сондай-ақ Тарбағатайдағы өнер мектебінің ұстаздары су бетінде сурет салу және тоқыма өнері бойынша шеберлік көрсетті. Оған ерікті жастар қатысып, өздерін өнердің басқа қырынан сынап көрді.
Сонымен қатар Арбатты айнала қойылған «Бояулар сыры» атты сурет көрмесін де көпшілік қызыға тамашалады. Көрме төрінен орын алған «Атамның үйінде», «Күзгі бейне», «Мен мектепке барамын» атты туындылар көрменің көркін асырып, мазмұнын ашып тұрғанына біз де куә болып қайттық.
Ал ләңгі тебу сайысына да өзіне сенімді спортшы жастар қатысып, бақтары мен баптарын сынап көрді. Бұл спорт түрі бойынша 3-орынды Махатов Серік иеленсе, 2-орынды Абильмажинов Рауан еншіледі. Ал 1-орынды Аймаухамбетов Жарқын жеңіп алды. Айта кетейік, осы күні Тарбағатай ауданының мәдени күндеріне арналған іс-шаралар ілегі қаланың өзге жерлерінде де өтіп жатты.