KZ
Өскемен
+2°
облачно с прояснениями жел 10 м/с, ОБ
492.14 528.85 5.01

Өскеменде О. Бөкей атындағы публицистикалық байқаудың жеңімпаздары марапатталды

Фото: Тілеубек Шаяхметов
Фото: Тілеубек Шаяхметов
20.09.2023, 17:53 231

Өскемен қаласында Оралхан Бөкей атындағы республикалық II публицистикалық байқаудың жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталды. Бұл шара Оралхан Бөкейдің 80 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр.
Биыл бас жүлдені «Тілей» очеркін жазған Жантас Еркінұлы алды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі. 
Жазушы, журналист Әлібек Асқаров, жазушы Асқар Алтай, Нұртөре Жүсіп қаламгер туралы естеліктерін баяндап, оның қазақ руханиятына қосқан үлесі өлшеусіз екенін айтып өтті. 

– Мұндай шаралар залда отырған оқырманның жүрегіне шоқ салып, идея қозғауы мүмкін. Осындай әдеби шараларды өткізіп тұру керек. Қазір жастардың  көбі смартфон қарап отырса, дилетант болып шығады. Оның дүниенің бергі жағын ғана біліп, ар жағын іздеп, білмейді. Смартфоннан «Абай жолын», «Война и мир» туындысын оқи алмайсың. Көзден көз қалмайды. Мұндай шаралар - жастарды кітап оқуға шақырудың бір жолы деп ойлаймын, – дейді жазушы Әлібек Асқаров.

Биыл байқау комиссиясы 15-20 шақты шығарманы қараған. Байқауға қазылық еткен Жазушылар одағының ШҚО бөлімшесінің төрағасы Әлібек Қаңтарбаевтың айтуынша, талапқа сай келмеген шығармалар да болған. 

– Бұл – Оралхан Бөкейдің қазақ өнеріне қосқан сүбелі шығармаларын өлтірмеуге, ұрпақ санасына сіңіруге бағытталған талпыныс. Жазда өткізген поэзия фестивалі де, айтыс та Оралханның 80 жылдығына арналған. Бұл да сол шаралардың бір тармағы. Жантас Еркінұлының «Тілей» атты шығармасы бірауыздан бас жүлдеге лайық деп шештік. Себебі ол шығармада Оралханның рухы, автопортрет ашудағы мықтылығы бар. Келіп түскен барлық шығармалар «төрт аяғын тең басып тұр» деп айта алмаймын. Қазіргі жастар очерк пен басқа шығармаларды шатастырып алады. Мақаланы очерк деп жібергендер бар, – дейді Әлібек Қаңтарбаев. 

Оралхан Бөкей атындағы шығармашылық байқау биыл екінші мәрте ұйымдастырылып отыр. 

– Көздеген негізгі мақсатымыз – жас жазушылардың өнерде өз жолын, өз қолтаңбасын қалыптастыруы, оларды ынталандыру, жастарға жол көрсету. Осы тұрғыдан алғанда бұл шара үлкен мағынаға ие. Оның ауқымын жылдан жылға кеңейтіп, қатысушылар санын арттыру да – негізгі мақсатымыз. Кеше ғана Нұртөре Жүсіп ағамыз Оралхан Бөкей оқулары кейінгі кезде тоқтап қалды деп айтты. Шынымен де, бұл республикалық деңгейде өтіп жатқан үлкен шара еді. Ол бізге үлкен ой салды, – дейді қала әкімі Жақсылық Омар. 

Байқауға елдің әр өңіріндегі жас дарындар туындыларын жолдаған. Соның ішіндегі бірқатарына Өскемен қаласы әкімінің алғыс хаты мен сертификаты табысталды. Дәлірек айтқанда, «Таңғы бір соққан самал-ай» шығармасының авторы Ғылымнұр Кәдірбай, «Маңырақтағы мейірімді медбике» шығармасының авторы Кәмшат Нұғыманова, «Ізгілік білтесі» очеркінің авторы Нұрбек Нұржан ынталандыру сыйлығымен марапатталды. Жүлделі 3-орынды «Жұлдызыңыз жоғары болсын» очеркінің авторы Айнаш Асанова, 2-орынды «Қымбаттың Бойтұмары» очеркін ұсынған Айзат Рақыш, 1-орынды «Тобылғы жарғанның суығы» очеркінің авторы Абай Ораз иеленді. Ал бас жүлдеге Жантас Еркінұлының «Тілей» атты шығармасы лайық деп танылған. 

– Шығарма жақында баспасөз бетінде жарық көреді. Сол кезде оқырман қауым оқып, өз бағасын береді деп ойлаймын. Қазылар алқасы осындай шешім қабылдапты. Аға-әпкелерім де орын алып жатыр. Ол кісілердің шығармаларын білемін, оқып жүремін. Сол кісілердің алдында өзімді ыңғайсыз сезіну де бар. Ол кісілер лайықсың деп қолдап жатыр, – дейді Жантас Еркінұлы.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив