Бүгін Өскемендегі Өтепов көшесінің бойында орналасқан Оралхан Бөкейдің ескерткішіне гүл қою рәсімі өтті.
Жазушының 80 жылдығына орай ұйымдастырылған шараға елімізге танымал ақын-жазушылар Әлібек Асқаров, Асқар Алтай, Нұртөре Жүсіп пен Жүсіпбек Қорғасбек арнайы келген, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Естеріңізге сала кетейік, 2013 жылы қаламгердің құрметіне қаланың қақ ортасынан еңселі ескерткіш қойылып, 2021 жылы оған жаңарту жұмыстары жүргізілген болатын. Сонымен қатар, шаhарда жазушы атындағы мектеп пен кітапхана да бар.
Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Ирина Смит ескерткіш пен білім ордасы орналасқан үлкен көшеге жазушының атын беру мәселесі қазір қарастырылып жатқанын айтып өтті.
- Қазіргі уақытта жерлесіміз, жазушы О.Бөкейдің шығармашылығын әлемге таныту үшін көпетеген жұмыстар атқарылып жатыр. Мәселен, қазір жазушының шығармашылығымен бірнеше тілде таныстыратын сайт жұмыс істеп тұр. Онда «Бөкей-map» гугл карта арқылы қаламгердің туып-өскен жеріне, үй-мұражайына қашықтықтан саяхат жасауға болады. Алда әлемнің түкпір-түкпірінен келген туристер қаламгердің өмір жолмен жақынырақ танысуы үшін, барып көре алуы үшін жаңа жоба ойластырып жатырмыз, - деді Ирина Смит.
Гүл қою рәсімі жыл басында жарияланған «Неткен ғажап дүние!» атты әдеби публицистикалық байқаудың жеңімпаздарын марапаттаумен жалғаспақ. Бұл байқау өңірде екінші жыл қатарынан өткізіліп отыр.
- Оралхан Бөкейдің 80 жылдығы 25 тамыз күні басталып, содан бері түрлі шаралар, дүбірлі тойлар мен мәртебелі жиындар өтіп жатыр. Қаламгер - қазақ әдебиеті мен мәдениетінде, руханиятында өзіндік орны бар тұлға. Өмірден жас кетсе де, артында үлкен мұра қалдырды. Бүгінде Шығыстың төрінде мерейтойдың жалғасы ұйымдастырылып жатыр. Оралхан шығармаларын қайта жандандыру, жас ұрпақ арасында кеңінен таралуы үшін осындай шаралар ұйымдастырылып жатқаны баршамыздың көңілімізге қуаныш ұялатады, - деді жазушы-журналист, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп.