Өскемен қаласында КСРО халық ағарту ісінің үздігі, ҚР еңбек сіңірген мұғалімі Асқар Ислямов атындағы «Үздік педагогикалық эссе» руспубликалық байқауы мен ҚР еңбек сіңірген мұғалімі, КСРО Халық ағарту ісінің үздігі Қанипа Бітібаеваның атындағы қазақ тілі мен әдебиетінен колледж студенттері арасындағы республикалық олимпиада бастау алды.
Шара Абай атындағы Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінің ашылғанына 100 жыл толуына орайластырылған, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
– Бүгін екі ауқымды шара өткізіп отырмыз. Бұл екі байқауды ұйымдастырудағы негізгі мақсат – ұстаздардың мәртебесін көтеру, осы екі тұлғаның тәжірибесін бүкіл республикаға тарату. Екі байқауға да әр облыс пен республикалық маңызы бар қалалардан бір студент пен оқытушы қатысып отыр. Өз облысынан үздік шыққан ұстаздар бүгін эссе жазады, оның қорытындысы шығады. Ертең мерекелік шарада жеңімпаздарды анықтап, сол жерде марапаттаймыз, – дейді Абай атындағы Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінің директоры Фархат Құрманов.
Республикалық екі байқауға облыстық кезеңнің жеңімпазы атанған ұстаздар мен студенттер жолдама алған. Байқауға кәсіби және техникалық білім беретін колледждер қатысып отыр. Байқау қонағы ретінде Асқар Ислямовтың ұрпақтары мен Қанипа Бітібаеваның сіңілі қатысқан.
– Осы шараға әр аймақтан қонақтар келіпті. Республикалық байқау – өте елеулі шара. Бұл шара ұстаздардың қоғамдағы рөлін, маңызын айшықтап көрсетеді. Ұстаздың басты тұлға екенін түсіндіреді. Бұл бүгінгі таңда жастар үшін маңызды болып отыр. Өйткені, қазір елге қызмет ететін, жан-жақты білімді жастар тәрбиеленіп жатыр. Осы тұрғыда ұстаздың рөлі – үлкен. Біздің әулеттің үш буыны педагог мамандығын таңдаған. Әулеттің еңбек өтілі 500 жылдан асады, – дейді ұстаздар әулетінің өкілі Ермек Ислямова.
Қанипа Бітібаеваның сіңілі, педагог Жаңыл Бітібаева осындай байқаулар талай жас үшін жарқын келешекке жолдама болатынын жеткізді.
– Бұл байқау – қазақтың Қан-апасы атанған Қанипа Бітібаеваның атындағы олимпиада. Өзім – оның алғашқы шәкіртімін. Мені ұстаздыққа баулыды. 40-тан аса еңбек қалдырды, Абай мен Мұхтарды зерттетіп, көптеген шәкірттері ғылым кандидаты, доктор, профессор атанды. Ол – мұғалім ғана емес. Ол кісі осы Шығыста қазақ тілінің дамуына үлкен үлес қосқан қоғам қайраткері деп те айтуға болады. Себебі Өскемендегі тұңғыш қазақ мектебі осы кісінің көмегімен ашылды. Алғаш Наурыз мерекесінде тойлағанда да жан-жақтан киіз үй алдырып, тұңғыш ақындар айтысын ұйымдастырып, көптеген ақынды тәрбиелеп шығарды. Оның өмірі мен өнері көпке үлгі. Ұстаздар оның жұмыстарын игілікке қолданса деген тілегім бар. Қазақ педагогикасында «Қанипатану» деген сала пайда болды. Өзі кеткенмен қанша жастың жолын ашты. Оқушылар арасындағы оның атындағы олимпиаданың жеңімпаздары грантқа оқуға түседі. Жас ұстаздарға «Баланы сүйсең – Қанипадай сүй, оқытсаң – Қанипадай оқыт» деп айтар едім, – дейді Жаңыл Бітібаева.