Қарттар күніне орай медициналық ұйымдарда тегін қаралуға болады
Фото: egemen.kz
ШҚО Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының дерегінше, биылғы 27 қыркүйектегі жағдай бойынша облыста зейнеткерлік жасқа жеткен 132 588 адам тұрады.
Қарттар күніне орай өңірде жыл сайын қазан айынан бастап қарашаға дейін «Мейірімділік айлығы» акциясы өтеді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Облыста қарттарды әлеуметтік қамсыздандыруды жетілдіру бойынша шаралар тұрақты қабылданып келеді.
Қайырымдылық айлығының аясында 6813 адам қамтылады, оның ішінде қарт және ерекше қажеттілігі бар адамдар бар. Шараның аясында аталған тұлғаларға отын, дәрі-дәрмек жеткізіледі.
Жыл басынан бері ардагерлер мен оларға теңестірілген тұлғаларға, зейнеткерлік жасқа жеткендер шипажайға емдеуге жіберілді. Дәлірек айтқанда, мұндай шарада 3352 адам қамтылған.
Жалпы «Мейірімділік айлығы» акциясын өткізу жөніндегі облыстық іс-шаралар жоспары бекітілді.
Сонымен қатар ардагерлер мен жалғызбасты қарт зейнеткерлерге қысқы кезеңде отын дайындауға және сенбілікте аула тазартуға еріктілер көмектеседі.
Қарттар күніне орай медициналық ұйымдардағы мамандарға тегін қаралып, тексеруден өте алады. Одан бөлек ашық есік күнін өткізу де жоспарланған.
Қалалар мен аудандарда зейнеткерлердің, жалғызбасты қарттардың, әлеуметтік және материалдық көмекке мұқтаж ерекше қажеттіліктері бар адамдардың өмір сүру жағдайын анықтау бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.