1 қаңтардан бастап зейнетақылар мен жәрдемақылар мөлшері артты
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда мемлекеттік жәрдемақылардың, сондай-ақ базалық және ынтымақты зейнетақылардың барлық түрінің мөлшері 10 пайызға ұлғайтылды. Бұл өсім ҚР Ұлттық Банкі айқындайтын инфляцияның болжамды деңгейіне сәйкес жүзеге асырылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2023-2027 жылдар аралығында базалық зейнетақыны кезең-кезеңімен арттыру көзделген. Атап айтқанда, ең төменгі базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына, ал ең жоғарысы 120 пайызына дейін жеткізілмек.
Осыған орай, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 35 596 теңгені, ал ең жоғары мөлшері 60 005 теңгені құрайды.
Мысал ретінде айтсақ, 2019 жылы зейнетке шыққан 70 жастағы зейнеткердің бюджеттен төленетін зейнетақысы 2026 жылдан бастап 192 816 теңгеге дейін өседі. Оның ішінде базалық зейнетақы – 60 005 теңге, ынтымақты зейнетақы – 132 811 теңге. Бұл сомаға БЖЗҚ төлемдері кірмейді.
Сондай-ақ мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері де артты. Атап айтқанда:
- 1, 2, 3 бала туған кезде берілетін жәрдемақы 164 350 теңгеге дейін;
- 4 және одан да көп бала туған жағдайда 272 475 теңгеге дейін ұлғайтылды;
- 4 баласы бар көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы 69 330 теңгені, ал 10 баласы бар отбасылар үшін 173 000 теңгені құрайды;
- I топтағы мүгедектігі бар адамдарға – 111 872 теңге,
- II топтағыларға – 89 498 теңге,
- III топтағыларға – 61 021 теңге төленеді.
Бұдан бөлек, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін асыраушысынан айырылу және еңбек ету қабілетінен айырылу бойынша әлеуметтік төлемдер де 10 пайызға көбейді. Бұл төлемдер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға тағайындалады.
Айта кету керек, төлем мөлшері әр азамат үшін жеке есептеледі және соңғы екі жылдағы табысқа, әлеуметтік аударымдарға, еңбекке қабілеттілік деңгейіне, асырауындағы адамдар санына және сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты болады.