Жедел жәрдем шұғыл шақыртуға орта есеппен 8,8 минутта келеді
2025 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша Қазақстанда жедел медициналық жәрдем қызметінің жеделдіктің бірінші санаты бойынша шақыртуға жетуінің орташа уақыты 8,8 минутты құрады. Осы кезеңде жедел жәрдем қызметі 7,4 млн-нан астам шақыртуға қызмет көрсетті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
11 айдың қорытындысы бойынша Қазақстанда жедел медициналық жәрдем қызметі 7 467 926 шақыртуға қызмет көрсетті. Оның 1 375 401-і емханалар жанындағы мобильдік бригадалардың үлесіне тиесілі болса, қалған шақыртуларға жедел медициналық жәрдем бригадалары жәрдем көрсетті. Ең көп шақыртулар Алматы қаласында, Түркістан облысында және Астанада тіркелді.
Жедел жәрдемге түскен шақыртулардың басым бөлігі мынадай аурулар бойынша тіркелген:
- тыныс алу ағзаларының аурулары – 1 778 189 (23,8%);
- жүрек-қан тамырлары аурулары – 1 434 483 (19,2%);
- басқа аурулар – 1 249 223 (16,7%);
- жарақаттар, уланулар және жазатайым оқиғалар – 735 183 (9,8%), оның ішінде жол-көлік оқиғалары – 40 972;
- неврологиялық аурулар – 714 915 (9,6%).
Есепті кезеңнің қорытындысы бойынша сәтті реанимация көрсеткіші 8,2 пайызға артып, 60,3 пайызды құрады.
Шұғыл санат бойынша жедел медициналық жәрдем бригадасына шақыртуды берудің орташа уақыты 1,7 минутты, ал жеделділіктің бірінші санаты бойынша жетудің орташа уақыты 8,8 минутты құрады.
Есепті кезеңде жарақаттар бойынша 685 503 шақыртуға, оның ішінде жол-көлік оқиғаларына қатысты 40 972 шақыртуға қызмет көрсетілді. Жол-көлік оқиғалары салдарынан 52 097 адам зардап шеккен, олардың 64,3 пайызы стационарларға жеткізілді. Қаза тапқандардың үлесі зардап шеккендер санының 2,4 пайызын құрады. ЖКО кезінде жетудің орташа уақыты 8 минут болды.
Жіті миокард инфарктісі бойынша 27 378 шақыртуға қызмет көрсетіліп, тромболитикалық терапия 89,9 пайыз жағдайда жүргізілді.
Инсульт бойынша 52 207 шақырту тіркелді. Инсульт орталықтарына нормативтік мерзімде емдеуге жатқызу қаладағы пациенттердің 97,9 пайызында, ал ауылдық жерлерде 88,5 пайызында қамтамасыз етілді.
Еліміз бойынша бір ауысымда 1 618 көшпелі бригада, оның ішінде 258 мамандандырылған дәрігерлік және 1 360 фельдшерлік бригада жұмыс істейді. Жедел медициналық жәрдем қызметінің кадрлармен қамтылуы 86,8 пайызды құрайды. Оның ішінде дәрігерлермен қамтылу деңгейі – 74,8 пайыз, орта медицина қызметкерлерімен – 88,1 пайыз.