ШҚО тұрғындарына 1,3 млрд теңгенің көмегі көрсетілді
«Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен Шығыс Қазақстанда инклюзия, білім беру және медицина бойынша 16 жоба қолға алынған. Көрсетілген қайырымдылық көмектің мөлшері – 1,3 млрд теңге, тағы 895,2 млн теңгенің жобалары іске асырылуда.
Қор қызмет еткен бір жыл ішінде облыстың екі тұрғынына 11 млн теңгенің қымбат протездері берілді. Аймағымыздағы екі балаға 18 млн теңгенің экзоқаңқалары сатып алынды. Өмірге қауіп төндіретін және орфандық аурулардан зардап шегетін бес науқас 255,9 млн теңгенің қымбат дәрілік препараттарын алды, тамырлы патологиясы бар жеті балаға ем көрсетілді. Аймақта қордың қолдауымен осы жылы ерте араласу орталығы мен аутизм спектрі бұзылған балаларға арналған орталық өз жұмысын бастады. Қазір қор әр ауданда оңалту мекемелерін ашуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Altaynews.kz сайты.
Өңір басшысы Ермек Көшербаев шекара маңындағы аумақтарға ерекше назар аударуды және аудандардың түйіскен жерінде осындай мекемелер құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды, бұл халықты мамандандырылған көмекпен көбірек қамтуға мүмкіндік береді.
Осыған байланысты қордың медицинадағы қайырымдылық қызметінің негізгі бағыты – шетелде немесе елдің басқа өңірлерінде ауыр науқастарға жекелей көмек көрсету және емдеу емес, емдеуге жағдай туғызу, жергілікті жердегі клиникаларды жарақтандыру. Мәселен, ұйым Шығыс Қазақстан облыстық Ана мен бала орталығын нейрохирургиялық жабдықтармен қамтамасыз етуге 34,2 млн теңге көлемінде қаражат бөлуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ онкология мен гематологияны жаңғырту бойынша ірі жобалар көзделген.
Білім туралы айта келе, «Қазақстан халқына» қорының басқарушы директоры «Тірек мектептер» жобасы еліміздің Шығысында басталғанын атап өтті. Соның арқасында 17 ауылдық мектептің материалдық-техникалық базасы жақсартылды, мектепке дейінгі даярлық және роботты техника кабинеттері, мультимедиялық кабинет, STEM-зертхана, заманауи жаңа зертханасы бар физика және химия кабинеттері сияқты барлық бағыттар мен пәндер бойынша жаңа үлгідегі кабинеттер ашылды. Енді еліміздің 17 өңірінде осындай 63 мектеп құру жоспарланған.
Шығыс Қазақстанда бұл жобаны жүзеге асырудың жарқын үлгісі – Марқакөлдегі №1 орта мектеп. Екінші кезеңде Зайсан, Риддер қалаларында, сондай-ақ Самар, Ақжар ауылдарында тірек мектептер ашылады.
Ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған арнайы мектептерді жабдықтауға да көп көңіл бөлініп келеді.
Қор жобаларының ішінде өскелең ұрпақтың тілдік құзыреттілігін, инженерлік қабілеттерін дамыту, сондай-ақ аз қамтылған отбасылардан шыққан балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру және жоғары білім алуға гранттар бөлу бойынша бағыттар да бар. Бүгінгі таңда Шығыс Қазақстанның әлеуметтік осал отбасыларынан шыққан 33 мектеп түлегі «Қазақстан халқына» қорының қолдауы арқасында жоғары оқу орындарында білім алуға мүмкіндік алып отыр.