Өңірлік үшжақты келісім бірқатар мәселені шешуге ықпал етіп жатыр
10 қазанда елімізде Кәсіподақтар күні атап өтіледі. Тиісті Қаулыны ҚР Үкіметі 2019 жылы 22 мамырда қабылдаған болатын.
Алдағы атаулы датаға орай Өскемен қаласында салтанатты іс-шара өтіп, облыстағы бірқатар сала өкілдерінің еңбегі еленді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында кәсіби маманның қадірін білу керек екенін, ол мемлекет дамуына елеулі үлес қосатынын баса айтқан болатын.
Осы орайда, Кәсіподақтар федерациясы - қызметкерлердің құқықтарын қорғаумен кәсіби айналысатын, өндіріс шарттарын жақсартып, еңбек дауларын реттеуге бағытталған еліміздегі жалғыз ұйым екенін айта кеткен жөн.
Жиын барысында «ШҚО кәсіподақ орталығы» АКБ төрағасы Темірбек Қасымжанов сөз алды. Ол кәсіподақтар – жұмысшылардың мүдделері мен құқықтарын қорғауға арналған маңызды қоғамдық институт екенін айтып, оның негізгі міндеттеріне тоқталып өтті.
Салтанатты жиын барысында облыстың түкпір-түкпірінен келген әр сала қызметкерлеріне, кәсіподақ ұйымының мүшелеріне түрлі дәрежедегі марапат, наградалар мен алғыс хаттар табысталды.