Тоқаев: Құнанбайдың ел тарихындағы еңбегін ұмытпауымыз қажет

Ұлы Абайды ұлықтағанда, оның әкесі - Құнанбайдың ел тарихындағы еңбегін ұмытпауымыз қажет. Бұл туралы туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Семей қаласының зиялы қауым өкілдерімен кездесуінде айтты, деп хабарлайды Алтайньюс ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәлиге сілтеме жасап.
«Ұлы Абайды ұлықтағанда, оның әкесі - Құнанбайдың ел тарихындағы еңбегін ұмытпауымыз қажет. Ол - Семейде ғана емес, тұтас қазақ тарихында өз орны бар тұлға. Оны халқымыз жақсы біледі, қадір тұтады», - деді Мемлекет басшысы. ҚР Президенті осыған орай, алдағы уақытта облыс әкімдігі Құнанбайдың есімін ұлықтауға байланысты тиісті шаралар қабылдау мүмкіндігін қарастыруы қажет екендігін айтты. «Жас ұрпаққа жақсы үлгі-өнеге болатын істі мен әрқашан қолдаймын. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру үшін біз, шын мәнінде, осындай сабақтастық дәстүріне жол ашатын бірегей бастамаларды қолға алуымыз керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еске сала кетейік, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Шығыс Қазақстан облысында жүр. Мемлекет басшысы жұмыс сапарын Семей қаласынан бастады. Сапар аясында Мемлекет басшысы Семей және Өскемен қалаларындағы бірқатар әлеуметтік және өнеркәсіптік нысандарды аралап көруі жоспарланып отыр