Ұлан ауданының шаруалары Өскеменге табиғи өнім жеткізді
Шығыстың бас шаһарындағы жұртшылық біраз уақыттан бері сенбінің таңын тойбазармен атырып жүр.
Бұл жолы облыс орталығына Ұлан ауданының шаруалары табиғи өнім жеткізді, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Жәрмеңке басты талабына сай: баға — төмен, сапа — жоғары. Ал әкелінген азық-түлік алуан түрлі. Ет, сүт, бал сынды әдеттегі ауыл дәмдерімен қатар қара уылдырық та тұр. Бұл өнім Саратов ауылындағы бекіре тұқымдас балық өсіретін "Ost Fish" фермасында өндіріледі. Аталмыш кәсіпорында әлемдегі ең заманауи технологиялардың бірі қолданылатынын айтуымыз керек. Мұндағы мамандар бір жылда 4 тонна уылдырық алады.
Сондай-ақ ұландықтар 4 тонна жылқы етін, 8 тонна сиыр етін, 1,5 тонна қой етін, жарты тонна сүт өнімдерін саудалады.
Бұл күні аудандық мәдениет үйінің әртістері тойбазарды ән-күйге бөледі. Ал қыран бүркітін тұғырға қондырып, құмай тазысын жетектей келген бозанбайлықтар базаршыл қауымның көзайымына айналды.
Айта кетсек, кеше ауданның мәдени күндері аясында үлкен гала-концерт өткен болатын.