Кәсіпорындардың шығарындыларын азайту бойынша күнтізбелік жоспар әзірленеді - ШҚО
Өнеркәсiп кәсiпорындарының шығарындыларын жыл сайын азайтудың күнтiзбелiк жоспарын жасау. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев Өскемен қаласындағы экологиялық жағдайды жақсарту жөніндегі кеңесте осындай тапсырма берді.
Шығыс Қазақстан облысы еліміздің индустриялық дамыған өңірлерінің қатарына жатады. Мұнда Казцинк, ҮМЗ, ТМК сияқты тау-кен және металлургия саласының алыптары жұмыс істейді. Сондықтан негізгі экологиялық проблема ауаның ластануы болып қала береді, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
ШҚО экология департаментінің мәліметінше, Өскемен бойынша өнеркәсіптік кәсіпорындар шығарындыларының жалпы көлемі жылына 54 мың тоннадан асады. Бұл ауаның автомобиль көлігімен ластануын есепке алмағанда.
Мысалы, Казцинкте қалдықтық газдарды толық тазартуды орнату 2026 жылға қарай шығарындыларды жылына екі мың тоннаға азайтуға мүмкіндік береді. Ал Өскемен ЖЭО-да жоғары және орташа қысымды қазандықтардың эмульгаторларын ауыстыру көмір күлінің шығарындыларын 8 тоннаға азайтады.
Осыған орай билік өкілдері, азаматтық сектор және ірі кәсіпорындар қабылданып жатқан шаралар туралы, іске асып жатқан жаңа жобалар жайында жергілікті тұрғындарды жан-жақты хабардар етуі өте маңызды.
Жалпы, қала әкімдігі Өскемендегі экологиялық жағдайды жақсарту бойынша жол картасын әзірледі, оған сәйкес 2026 жылға дейін 40-қа жуық түрлі іс-шаралар өткізу жоспарланған.
Ермек Көшербаевтың тапсырмасы бойынша, аталған Жол картасы нақтыланып, қаржыландырудан бастап қорытынды нәтижелерге дейін пысықталуға тиіс.
Бұл мәселе бойынша келесі отырыс 10 күннен кейін өтеді.