ШҚО-ның медициналық ұйымдарын дәрі-дәрмекпен қамтуға 13,7 млрд бөлінді
ШҚО-ның медицина ұйымдарын дәрі-дәрмекпен қамтуға 13,7 млрд теңге бөлінген.
Бұл туралы денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудкин Өскеменде іссапары барысында өткен брифингте мәлім етті, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Вице-министрдің сөзінше, еліміздегі медицина мекемелерін дәрі-дәрмекпен қамтуға республикалық бюджеттен 425 млрд теңге бөлінген екен. Оның ішінде 200 млрд теңге стационарларды қаржыландыруға, ал қалған 225 млрд теңге диспансерлік науқастарға дәрі-дәрмек алуға бағытталған.
Аталған қаражаттың ШҚО-ға бөлінгені 13,7 млрд теңге. Оның 7,2 млрд теңгесі облыс емханаларына, қалған 6,5 млрд теңгесі облыс стационарларына қажетті дәрілік препараттарды қаржыландыруға бөлініп отыр.
Денсаулық сақтау министрлігі 2024 жылға дәрілік препараттар алуға биыл 30 тамызда мемлекеттік сатып алу жариялаған.
Сондай-ақ ол «СК-Фармация» ЖШС көптеген дәрілік препараттарды алуда отандық өндірушілермен және жабдықтаушылармен ұзақ мерзімді келісім шарттар жасайтындығын атап өтті. Негізінен мұндай келісім шарттар 10 жылға жасалып, қажеттілігіне қарай тағы 3 жылға созылуы мүмкін.
Автор: Айжанат Бақытқызы