ШҚО-да қысқы туристік маусым ашылды
Шығыс Қазақстанда 2023-2024 жылдарғы қысқы туристік маусым ресми түрде ашылды.
Аязды ауа райына қарамастан, облыстың туристік-ақпараттық орталығы мен Глубокое ауданының әкімдігі ұйымдастырған іс-шараға жиналғандардың қарасы көп болды, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
ШҚО туристік-ақпараттық орталығының басшысы Талғат Дәулетовтің айтуынша, Алтай тау шаңғысы кластері еліміздің туристік картасының ТОП-50 аймағының тізіміне енеді.
Расымен де, Тәуелсіздік мейрамымен тұспа-тұс келген қысқы туристік маусымның ашылу салтанаты қонақтар үшін есте қаларлықтай ұйымдастырылды. Бұл күні Өскеменнің іргесіндегі «Нұртау» тау шаңғы базасына келген демалушылар шаңғы теуіп, стюбпен сырғанап қана қоймай, ит шанамен серуендеп, сәулелік тирде бақтарын сынап, түрлі конкурстарға қатысуға мүмкіндік алды. Сондай-ақ, туристердің назарына облыс қолөнер шеберлері бұйымдарының көрме-жәрмеңкесі ұйымдастырылды.