"Алтай" халықтық би ансамблі Umai-2023 ұлттық сыйлығын жеңіп алды
Umai ұлттық өнер сыйлығы барша өнерпаздарға құрмет ретінде екінші жыл қатарынан өткізіліп отыр, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.
«Астана Опера» театрының үлкен залының сахнасында Umai-2023 сыйлығының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Жүлде қоры 79 миллион болған байқауда 29 жеңімпаз ақшалай сыйлықтар мен статуэткаларға ие болды.
Марапатталғандар қатарында ШҚО Мәдениет басқармасының «Ертіс концерт» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының «Алтай» халықтық би ансамблі де бар. Шығысқазақстандық ансамбль «Хореографиялық өнер» номинациясы бойынша «Үздік би ұжымы» деп танылып, көркемдік жетекшісі Тимур Қожахметов «Жылдың үздік хореографы» атанды.
Айта кетейік, тұңғыш кәсіби хореографиялық «Алтай» халық би ансамблі 2020 жылы құрылып, осы аз ғана уақыт ішінде облысымыздың ғана емес, еліміздің абыройын халықаралық фестивальдерде асқақтатып, би брендіне айналып үлгерді.