Сын сағатында көмекке келген азаматтарға алғыс айтамыз – Төсқайың ауылының тұрғыны
Қар құрсауында қалып қойған марқакөлдіктерге қажетті азық-түлік пен дәрі-дәрмектің алғашқы партиясы келіп жетті. Осы ретте гуманитарлық көмек тікұшақпен жеткізілгенін айту керек.
Атап айтсақ, бұл күні марқалықтар 400 келі ұн, 80 литр күнбағыс майы, 100 келі қант, 128 келі макарон мен 20 келі шайға қол жеткізді. Бұған қоса, алыстағы ағайынға ең қажетті дәрі-дәрмектің мыңнан астам данасы апарылды, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Ал облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, подполковник Қуатбек Кенжебекұлы мәлім еткендей, осыдан бірер күн бұрын Марқакөл ауданына облыс орталығынан арнайы жол талғамайтын техника шыққан болатын. Бірақ, қардың қалыңдығына байланысты, құтқарушылар түкпірдегі кей ауылдарға жете алмай қалған. Сол себепті, санитарлық авиацияның көмегіне жүгінуге тура келіпті.
Еске салайық, осыдан бірнеше күн бұрын Марқакөл ауданында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланған болатын. Бір апта бойы беті қайтпаған ат құлағы көрінбейтін ақтүтек боран жергілікті халықты әбден әбігерге салған. Табиғаттың тосын мінезі салдарынан кейбір жерлерде қардың қалыңдығы 1,8-2 метрге дейін жеткен. Әсіресе, шалғайдағы ауылдардың халқына оңай болмай тұр. Мәселен, Төсқайың ауылдық округінің елді мекендеріне көлік қатынасы қиындаған. Қазір бұл ауылдарға автокөлікпен жету мүмкін емес деуге де болады.
Облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының деректеріне сенсек, алыстағы елді мекендер арасындағы жолдарды ашу үшін оқиға орнына қосымша техника жөнелтілді. Қазіргі уақытта бұл жұмыстарға арнайы техниканың 24 бірлігі жұмылдырылған. Алайда боранға байланысты жұмыс қарқыны баяу.
Аудандағы жағдай жергілікті атқарушы билік органдардың жіті бақылауында.